17.10.2024, 9:15
Оқылды: 162

БҚАТУ-да «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атауымен кездесу өтті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты кездесу өтті. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы жазды.

IMG_0665

Индустриалды-технологиялық институтында ұйымдастырылған бұл шараға 40 жыл осы білім ордасында еңбек еткен ардагер ұстаз Кенжеғали Абилхаиров және білім алушы жастар қатысты. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған Кенжеғали Абилхаиров 1981 жылы сол кездегі Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына (бүгінгі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ) оқытушылық жұмысқа шақырылған екен.

Кездесу барысында Кенжеғали Хайроллаұлы жастарға өзінің өмір жолы туралы әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті.

IMG_0672

Ауылдық жерде үлкен отбасында дүниеге келдім. Біздің балалық шағымыз бүгінгідей жеңіл болмады. Білім ала жүріп, еңбекке ерте араластық. Үй шаруасына көмектесетінбіз. Тіпті мектепте де сынып бөлмелерін жинап, барлығын тазалап шығатын едік. Ал қазіргі сіздердің балалық және жастық шақтарыңыз мүлдем басқаша, – деген кеш қонағы студенттерге қиыншылыққа мойымау, еңбек ету, биіктерге ұмтылу – адамды шыңдайтынын, діттеген мақсатына жетуге септігін тигізетінін айтты.

Шараға қатысқан Индустриалды-технологиялық институтының 2-курс студенті Нұрбол Адилов:

Ардагер ұстаз өзінің өмір жолы туралы әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Ол кісінің көптеген қиыншылықтарды жеңіп, бүгінгідей дәрежеге жетуі – бізге үлкен өнеге болды. Бізді де ерінбей еңбектенуге, сапалы білім алуға, сонымен қатар спортпен шұғылдануға шақырды. Осындай кездесулердің біз үшін пайдасы мол. Өзім де бос уақытымда футбол және волейбол ойнаймын. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы қаншалықты зор екенін жақсы білемін, – деді.

Еңбек жолында білім ордасының қоғамдық және спорттық өміріне белсенді қатысып, үстел теннисінен университет командасының мүшесі болған ардагер сол шеберлігін дәлелдеді. Яғни, спорттың осы түрінен шеберлік сағатын өткізіп, оқытушылармен және студенттермен үстел теннисін ойнады.

Аға буын өкілінің еңбек жолына көз жүгіртсек, осы білім ордасындағы «Химия және химиялық технология» кафедрасында жұмыс істеп, жоғары білім беру жүйесінде ассистенттен кафедра доцентіне дейінгі еңбек жолын жүріп өткен екен. 1986-1990 жылдары К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының аспирантурасында білім алған. Кенжеғали Хайроллаұлы – 80-нен астам ғылыми-әдістемелік жұмыстардың, оның ішінде КСРО-ның екіавторлық өнертабысының авторы. Сондай-ақ оқу орнының қоғамдық және спорттық өміріне белсенді қатысып, үстел теннисінен университет командасының мүшесі болған. Көптеген спорттық жарыстарға қатысқан. Білім саласындағы еңбегі елеусіз қалмай, «БҚАТУ ардагері» медалімен, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен және университет грамоталарымен марапатталған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале