Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұжымы республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына өз үлестерін қосты.
Университетте өткен қайырымдылық шарасына ата-аналар мен оқушылар қатысты. Акция аясында ЖОО ұжымы әлеуметтік көмек қажет ететін университет қызметкерлерінің перзенттеріне және Зашаған кентіндегі №20, №10, №47 мектептердің оқушыларына қолдау көрсетті. Балалардың жүзіне қуаныш ұялатар осы шарада сөз алған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов қайырымдылық жасау ата-бабамыздан жалғасқан ізгі дәстүр екенін атап өтті. Ата-аналарға перзент қуанышын, балаларының сабақта үздік болуын тіледі. Акция аясында 21 оқушыға оқу құралдары салынған сөмкелер тарту етілді. Ата-аналар осындай қуанышқа ұйытқы болған білім ордасының басшылығына ризашылық білдірді.
Ләззат Қажымова,
БҚАТУ медиа орталығының маманы,
Орал қаласы