Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғылыми кеңесінің шешімімен Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Мардан Джуланов «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті профессоры» атанды.

Ғылыми кеңес мүшелерінің, Мардан Нұрмұхамбетұлының шәкірттерінің қатысуымен өткен жиында Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Асқар Мырзахметұлы: – Осы өңірдің тумасы, ғалым-ұстаз Мардан Джуланов біздің университетпен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Ғылыми жобаларды орындауға атсалысып, ғалымдарымызға әр кез қамқорлық көрсетіп, қолдан келген көмегін аяған емес. Жас ғалымдарға ғылыми жетекші болып, олардың ғылым жолындағы қанаттарын қатайтуға өз үлесін қосты, – деп, мәртебелі мейманға «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті профессоры» куәлігі мен профессорлық мантияны табыстады.
Бұдан әрі сөз алған профессор, ветеринария ғылымдарының докторы Қайсар Кушалиев М.Джулановты сыйлас әріптес, абзал аға, адал дос ретінде 30 жылдан астам уақыттан бері танитынын жеткізді. Ал аға оқытушы, PhD доктор Досмұхан Габдуллин ілім-ғылым үйреткен, ғылыми жетекшісі болған Мардан Нұрмұхамбетұлының ғылымға әлі де берері мол тұлға екеніне сенім білдірді.
Профессор Мардан Нұрмұхамбетұлы өзіне осындай құрмет көрсеткен Жәңгір хан университеті басшылығы мен ұжымына ризашылығын білдірді. – Отандық ғылымды дамыту жолында аянбай еңбектеніп келемін. Жалпы ғылым жолында жүрген әрбір ғалым – құрметке лайықты деп ойлаймын. Сіздердің ғылым-білім ордаларыңыз да өркендеп, мәртебесі биіктей беруіне тілектеспін, – деді ғалым-ұстаз.
Жиыннан соң Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Мардан Джуланов «Ветеринария және агротехнология» институтында «ветеринар» мамандығында оқитын білім алушылармен кездесті.
БҚАТУ медиа орталығы