Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғалымдары мен «Тұран ПромРесурс» ЖШС өкілдері кездесіп, тұрақты даму және ғылыми зерттеулерді коммерциаландыру бойынша маңызды қадам жасады.

Бұл іс-шараға Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев, Технологиялық даму орталығының басшысы Айгүл Қазамбаева, Технологияларды коммерцияландыру және бизнес-инкубациялау офисінің басшысы Гүлшат Айешева және «Тұран ПромРесурс» ЖШС өкілдері қатысты. Атап айтқанда, өндіріс орнының өкілдері бір жыл бұрын университетіміздің білікті ғалымы, профессор С.Монтаевтың шыны қалдықтарын пайдалану арқылы бетон өрнектастарын шығару бойынша инновациялық технологиясына қызығушылық танытқан еді. Олар өнертабыстық патент иеленген бұл ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге ниет білдірген. Өзара келісімге келген қос тарап бүгін лицензиялық келісімшартқа қол қойып, ғылым мен өндірісті ұштастыруға қадам жасады.
– Бұл жоба экологиялық жағынан пайдалы, тиімді құрылыс материалдарын шығаруға және қалдықсыз өнім өндіруге ықпалын тигізеді. «Тұран промресурс» серіктестігі өздерінің өндірістік базасында біздің технологиямыз бойынша осы ғылыми жаңалықты жүзеге асыруға ниетті. Біз өз командамызбен бірге олармен тығыз байланыс жасап, ғылыми көмек көрсетеміз, кеңес береміз. Өндірістегі жұмыстарға жас ғалымдар да тартылады. Біз құрылыс материалын дайындап, нарыққа шығарғанға дейінгі үрдіске түгелдей қатысамыз. Жалпы бүгінгі отандық ғалымдардың мақсаты да осы, яғни ғылыми жетістіктер ел экономикасына қызмет етуі керек, – дейді ғалым Сәрсенбек Әлиакбарұлы. Еске сала кетсек, танымал ғалым Сәрсенбек Монтаев –150-ден астам ғылыми жұмыс пен 30 патенттелген өнертабыстың авторы. Ғалымның ғылыми жұмыстарының қай-қайсысын алсаңыз да, тәжірибеде қолдануға лайықты әрі маңызды.
«Тұран ПромРесурс» ЖШС директоры Гүлмаржан Оқашева да жергілікті ғалымдардың ғылыми жетістігі үшін қуанышты екенін жеткізді.
– Өзім де ғылым саласына жақынмын, мамандығым инженер-химик. Осыған дейін құрылыс материалдары саласындағы көптеген ғылыми жұмыстарды зерделедік. Солардың ішінде Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғалымдарының әйнек қалдықтарын кәдеге жарату бағытындағы ізденістері мен ұсыныстары көңілімізден шықты. Бұл – ғылым мен өндіріс үшін ұтымды бастама, пайдалы шешім деп ойлаймын. Қоршаған ортаның тазалығын сақтауда, табиғи ресурстарды үнемдеуде жақсы нәтиже берері сөзсіз, – дейді Гүлмаржан Абылайқызы. Айтуынша, «Тұран ПромРесурс» кәсіпорны 2014 жылдан бері өндірістік қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу қызметтерімен айналысады. Соңғы уақытта өңіріміздегі өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу кәсіптерін зерттей келе, әйнек қалдықтарын жинау және пайдаға асыру қажеттілігін байқаған өндіріс орны жұмыстарын осы бағытқа негіздеуді ұйғарыпты.
Алдағы уақытта келісімшарт аясында ғылыми әзірлеме бойынша өндіріске қажетті технологиялық құрылғылар алынатын болады. Одан әрі бизнес-жоспарға сәйкес өндіріс ошағы шыны қалдықтары қосылған өрнектастарды шығарады.
Ғалымдарымыздың айтуынша, бұл – университет тарихындағы алғашқы лицензиялық келісімшарт. Бұл бастама одан әрі жалғасын тауып, жаңа технологияларға негізделген басқа да ғылыми жобалардың өндіріске жол тартарына сенім мол.
БҚАТУ медиа орталығы