Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қос бірдей ғалым-ұстазы республикалық «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2025» байқауының жеңімпазы атанды.

Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Асқар Наметов пен педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ақмарал Қасымова өткен жылдың қорытындысы бойынша ғылым-білім саласында озық шыққан еліміздегі 150 үздік оқытушының қатарынан табылды.
Жеңімпаздарға жекелеп тоқталар болсақ, ғалым Асқар Наметұлының ғылыми зерттеулері ветеринариялық және биологиялық қауіпсіздік, ветеринариялық хирургия және иммунология, биотехнология және генетикалық-молекулалық биология, жануарлардың көбеюі мен селекциясы салаларын қамтиды. Осы бағытта ғылыми мақалалар мен әдістемелік еңбектер, үлгілік оқу бағдарламалары мен оқулықтар жазған ғалым түрлі ғылыми жобаларға да жетекшілік етті. Өндірісте және ғылыми зертханаларда сәтті қолданылған 12 өнертабысқа алған патенттері бар. Ғылым-білім жолындағы еңбегі елеусіз қалмай, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.

Биылғы оқу жылында «Компьютерлік ғылымдар және информатика» ғылыми бағыты бойынша профессор ғылыми дәрежесін иеленген Ақмарал Қасымқызы 1990 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Студенттерге, магистранттарға дәріс оқи жүріп, елімізге адал қызмет ететін мамандар даярлау ісіне өз үлесін қосып жүрген ұстаз – 100-ден аса ғылыми еңбек пен 150-ден аса оқу-әдістемелік оқулықтың авторы. Сонымен қатар еліміздің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
«ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағы оқытушыларға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
БҚАТУ баспасөз қызметі