Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Erasmus+» еуропалық бағдарламасының «Информатика саласындағы докторанттар мен жас зерттеушілерге арналған алдыңғы қатарлы орталық» (ACeSYRI) жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері жуырда Франция мемлекетінде болып, ондағы Лоррейн университетінің ғалымдарымен кездесті.
Аталмыш жоба бойынша еуропалық университеттермен серіктестік қарым-қатынас орнату мақсатын көздеген жұмыс тобының мүшелері – БҚАТУ-дағы «Цифрлық даму» орталығының директоры Гаухар Камалова, «Ақпараттық технологиялар» жоғары мектебінің оқытушысы Айнұр Гумарова және жоба әкімшісі, ACeSYRI жобасының сапа жөніндегі офицері Замзагүл Султанова Лоррейн университетіндегі ACeSYRI жобасының координаторымен келісілген бірқатар шаралар өткізді.
Атап айтқанда, Лоррейн университетіндегі ACeSYRI жобасының координаторы, қауымдастырылған профессор Николай Бринзеймен, автоматтандырылған бақылауды зерттеу орталығының директоры, профессор Жан-Франсуа Петинмен әріптестік кездесулер ұйымдастырылды. Қазақстандық жоғары оқу орнының өкілдері орталықтың зертханаларымен танысты. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ туралы ортақкомандалық презентация жасалып, жоба әкімшісі, экономика ғылымдарының кандидаты Замзагүл Хамитқызы «Қазақстан Республикасы экономикасындағы цифрлық трендтер» тақырыбында дәріс оқыды. Ал «Цифрлық даму» орталығының директоры Гаухар Әбдумүтәліпқызы ақпараттық технологиялардың Жәңгір хан университетінің білім беру үдерісінде пайдаланылуы жөнінде таныстырылым жасаса, «Ақпараттық технологиялар» жоғары мектебінің оқытушысы Айнұр Ағеділқызы осы тақырыптағы ғылыми жұмыспен таныстырды.
Сапар барысында жұмыс тобының мүшелері қос тараптың алдағы ынтымақтастығын сөз етіп, ACeSYRI жобасы аясында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ базасында өткізу жоспарланған жас зерттеушілердің күзгі мектебін ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
БҚАТУ медиа орталығы