7.04.2025, 11:00
Оқылды: 140

БҚАТУ: Оқу мәдениетін жаңғыртуға бағытталды

Жәңгір хан университетінде «Кітап оқу мәдениетін дамыту – ұлттың зияткерлік және мәдени деңгейін көтерудің маңызды шарты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

1

Шараны университеттегі «Жалпы даму және кәсіби білім беру педагогтарын даярлау орталығының» оқытушылары ұйымдастырды. Дөңгелек үстелдің модераторы – аға оқытушы, философия докторы (PhD) Мақсот Жанғожиев кітаптың қоғам өміріндегі, әсіресе жастар санасының қалыптасуындағы ерекше рөлін атап өтті. Ол қатысушыларды рухани-мәдени дамудың өзегі ретінде кітап оқу мәдениетін дәріптеуге шақырды. Сондай-ақ қазіргі жастар арасында кітап оқу дағдысын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, кітаптың адамзат өркениетіндегі орны мен білімнің басты қайнар көзі ретіндегі рөлін талдады.

Бұдан әрі оқытушы, магистр Алмас Тельманов «Цифрлық дәуірдегі кітап оқу мәдениеті; қағаз бен электронның қарым-қатынасы» тақырыбында баяндама жасап, заманауи технологиялардың кітап оқу мәдениетіне әсері, электронды формат пен дәстүрлі қағаз кітаптың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы қызықты салыстырулар келтірді. Ал оқытушы, магистр Мұхтар Сүлейменов әлемдегі және Қазақстандағы кітаптарға қатысты таң қаларлық деректермен және фактілермен бөлісті. Бұл баяндама қатысушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.

2

Шараға білім алушылар да белсене атсалысып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының студенті Мәди Кенкелді өзінің өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, кітаптың тұлғалық дамудағы орнын көрсетті. Индустриалды-технологиялық институтының студенті Айгиза Тетенова кітап оқудың жас ұрпақтың ойлау қабілеті мен рухани дүниесіне тигізер ықпалы жайында ой өрбітті.

3

Ұйымдастырушылар атап өткендей, жоғары деңгейде өткен дөңгелек үстелдің басты мақсаты – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін жаңғырту, ұлттың рухани байлығын сақтап қалуға үлес қосу.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале