Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «ДСК Приоритет» ЖШС өкілдерімен кездесу өтті.

Шараға «Құрылыс инженериясы», «Құрылыс материалдарын өндіру», «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламаларының бітіруші курс студенттері қатысып, жол құрылысымен айналысатын аталмыш мекеменің атқаратын жұмысымен танысты. Алдымен сөз алған «ДСК Приоритет» ЖШС-ның сынақ зертханасының басшысы Ерболат Тастенов компания туралы толық айтып өтіп, құрылыс саласында білім алып жүрген жастарды өндірістік тәжірибеден өтуге және тұрақты жұмысқа шақырды. – Соңғы жылдары құрылыс компаниялары жан-жақты дамып, қанаттарын кеңге жаюда. Сондықтан жол құрылысымен айналысатын мекемеде түрлі лауазымдық міндеттерді атқаруға болады. Өндірістік бөлімде немесе зертханаларда жұмыс жасай аласыздар. Бұлардан бөлек қарапайым жұмыскерден бастап учаске шебері немесе басшысы деңгейіне дейін жоғарылауға мүмкіндік бар. Яғни, жас маманның өз еңбегімен мансаптық өсуіне еш кедергі жоқ, – деді Ерболат Әмірханұлы.

БҚАТУ түлегі, бүгінде компанияда инженер-зертханашы болып еңбек етіп жүрген Данияр Шаукенев жас мамандарда жұмыс жасаймын деген ниет болса, барлық мүмкіндіктер жасалатынын жеткізді. – Мен осы компанияда өндірістік тәжірибеден өткен болатынмын. Кейін тұрақты жұмыс ұсынылып, қазіргі уақытта сынақ зертханасында еңбек етудемін. Сонымен бірге магистратурада оқуымды жалғастырып жатырмын, – деді жас маман.
Кездесу барысында қонақтар білім алушылардың сұрақтарына жауап беріп, жұмысшылардан ұқыптылық, өз міндетіне деген жауапкершілік талап етілетінін айтты.
Кездесуді университеттегі «Мансап және бизнес-серіктестік» орталығы ұйымдастырды. Жалпы білім ордасында түлектерді жұмысқа тарту мақсатында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі мен осындай іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
БҚАТУ баспасөз қызметі