Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ұлттық құндылық – ұлттың қазынасы» атты кездесу кеші өтті. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы хабарлады.
Оған қаламыздағы ұлттық қолөнер шеберлері Айнагүл Халықова мен Светлана Дюсенбаева, оқытушылар және «Фатима» қыздар клубының мүшелері қатысты. Ғасырларға жалғасқан халықтың қазыналы салт-дәстүрі, тілі, ділі, әдебиеті мен өнері – ұлтымыздың рухани байлығы екенін білім алушыларға ұғындыру мақсатындағы шараны университеттегі «Жалпы даму және кәсіби білім беру педагогтарын даярлау» орталығы мен «Парасат» ақпараттық-білім беру орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Алдымен сөз алған жоғары оқу орнының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры А.Сұлтанов кеш қонақтарына ризашылығын білдіріп, бұл кездесудің әсерлі боларына сенім білдірді. – Ұлттық өнер – халқымыздың көнеден жалғасып келе жатқан мол мұрасы. Қазақ халқы ұлттық құндылықтарын қадірлеп, қастерлеп, ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп келеді. Ұлттық қолөнеріміздің өз мәнін жоймауына қызмет етіп, жастарға насихаттап жүрген сіздер секілді іскер жандар көбейе берсін. Бұл – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді Ақылбек Ұзақбайұлы.
Бұдан әрі Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына батысқазақстандық делегациямен бірге барып, өздерінің қолдарынан шыққан ұлттық бұйымдарымен қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де таң қалдырған қос шебер сөз алды.
– Бұл үлкен шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еліміздің әр өңірінен қолөнер шеберлері келді. Шапан, сөмке, тақия, киіз сынды бұйымдарымызды молынан тігіп апардық. Бұйымдарымызға қызығушылық танытушылар да, сатып алушылар да көп болды, – дейді Светлана Баянқызы. Шебер С.Дюсенбаева Жәңгір хан университетінде он жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарған екен.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан керемет әсермен оралғандарын айтқан Айнагүл ханым: – Ол жерде шетелдіктер көп болғандықтан, бізге енді тіл үйрену керек деген ойға қалдық. Сонымен қатар бізде көрме мәдениетін дамыту қажет. Себебі, көп адамдар көрмедегі ұлттық бұйымдарды міндетті түрде сатып алу керек деп ойлайды. Ал ол заттардың сапасына, құндылығына, тарихына назар аудармайды. Елордаға барған сапарымызда көпшілік біздің өнерімізді жоғары бағалады. Ұлттық киімдерді киіп көріп, бұйымдарымызға тамсанып, риза болды, – деді.
Жүздесу барысында шеберлер өз істерін қалай бастағандары, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы мақсаттары, қазақ ою-өрнектерін бұйымдарға орналастыру реттілігі жайлы айтып өтті. Шеберлер бүгінде «Айкербез» өнер орталығында қолөнерге үйрету курстарын өткізіп, үйірмелер ашқанын, жаз кезінде қолөнер лагерін ұйымдастыратындарын жеткізді. Келешекте өздері секілді он саусағынан өнер тамған ісмерлерді дайындауға ниетті.
«Біз ата кәсіпке табыс табу үшін емес, өзіміз ұлттық бұйымдарымызды тігу әдістерін тереңірек меңгеріп, өзгелерге де насихаттағымыз келеді» дейді шеберлер. Тағылымды шара барысында қонақтар төл мәдениетіміз, әдебиетіміз, тарихымыз жайлы қызықты әңгімелер өрбітті.