Кеше Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жырлаймын тәуелсіз елімді» атты мәнерлеп өлең оқу сайысы ұйымдастырылды.
Жастардың бойындағы шығармашылық қабілетін ұштау, оларды отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында «Парасат» ақпараттық білім беру және Тілдерді дамыту орталықтары ұйымдастырған іс-шараға университеттің 1-курс студенттері қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Алдымен сөз алып, үміткерлерге сәттілік тілеген аталмыш орталық директоры Айгүл Есенаманова кешке қатысқан оқытушылар мен студенттерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
– Ел Президенті өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздарымыз. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын. Тәуелсіз елдің жастарына барлық мүмкіндіктер жасалуда. Мысалы, біздегі кітапханадан осындай үлкен «Жастар коворкинг орталығын» ашып, мұнда студенттерге сабағына еркін дайындалуға, қалаған кітабын немесе газет-журналдарын оқуға жағдай жасап қойдық. Орталыққа келіңіздер, кітап оқыңыздар, – деген Айгүл Базарқызы білімді жастар – кемел елдің келешегі екенін атап өтті.
Бұдан әрі қазақ қаламгерлерінің егемендік туралы жырларын оқу үшін үміткерлерге кезек берілді. Сайысқа қатысушылар үлкен дайындықпен келгендерін байқатты. Өлеңді мәнерлеп оқып, топ алдында өздерін емін-еркін ұстап, жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Мәнерлеп өлең оқу байқауы нәтижесі бойынша Асан Кунасов – бірінші, Мұрагер Құмар – екінші, Шамшырақ Есенғалиева үшінші орындарды иеленді. Өзге қатысушылар алғысхаттармен марапатталды.
БҚАТУ медиа орталығы