Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Жастар – болашақ энергиясы» атты кездесу шарасы өтті.
Оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Венера Масимова және соңғы курс студенттері қатысты.
Департамент өкілі білім алушыларға мемлекеттік қызмет мектебіне іріктеу тәртібі, мемлекеттік қызметтің артықшылықтары туралы түсіндіріп өтті. – Мемлекеттік қызметке конкурстық негізде орналасудан бөлек конкурссыз да жұмысқа қабылдану мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттыру, кедергілерді жою мақсатында 2022 жылы желтоқсан айында «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Яғни, мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, оқу орнын жақсы тәмамдаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейде мемлекеттік қызметке конкурссыз орналаса алады, – деді Венера Нұрахметқызы.
Бүгінгі таңда БҚАТУ-да жоғары курстарда 700-ге жуық мемлекеттік білім гранты иегерлері оқиды. Өткен оқу жылында Жәңгір хан университетінің үш студенті «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінде оқыды. Биыл да жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын мемлекеттік қызмет мектебіне іріктеу жүргізіліп жатыр.
БҚАТУ медиа орталығы