9.04.2024, 20:10
Оқылды: 109

БҚАТУ ұжымы тасқын суды еңсеруге қолұшын созды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұжымы облысымызда орын алған төтенше жағдайға байланысты қолдан келген көмектерін ұсынды. Төтенше жағдай орын алғаннан бері университетте профессор-оқытушылар құрамынан, қызметкерлер мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарынан құралған арнайы штаб құрылды. Қарғын су елді мекендерге қауіп төндірген алғашқы күндерден бастап университет студенттері Қаратөбе ауданындағы зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек қорын жеткізуге жәрдемдесті.

3

Әрине, өңірімізде тасқын қаупі әлі сейілмегені белгілі. Осындай сын сағатта өздерінің жауапкершіліктерін, азаматтық парыздарын сезінген Жәңгір хан университетінің қызметкерлері, «Әскери кафедра» сарбаздары, волонтерлар мен жатақханада тұратын білім алушылар өзен жағасындағы бөгеттерді биіктету, су тасқыны қаупі бар аумақтарда қорғанысты күшейту, эвакуациялық орындарды дайындау жұмыстарына да көмектесіп жатыр. Волонтерларымыз күнделікті қапшықтарға құм толтыру, Зашаған кентінен өтетін «Жайық» өзенінің арнасын биіктету, өңірімізге келіп жеткен гуманитарлық көмекті жүк көлігінен түсіру және халыққа тарату жұмыстарына қатысады.

Сондай-ақ университет ұстаздары білім алушылармен бірге Зашаған кентіндегі «Арман» жекпе-жек клубындағы эвакуациялық бекетке орналастырылған адамдарға азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтарын жеткізіп берді. Жалпы бұл жұмыстар су тасқынының қаупі сейілгенге дейін жалғасатын болады.

2

Зардап шеккен жерлестерімізге қолдау көрсету мақсатында университет ұжымы ерікті түрде біркүндік жалақыларын аударып, игілікті іске үлес қосты. Су тасқынынан зардап шеккен халықты уақытша орналастыруға арналған 100 адамдық эвакуациялық орын да дайын тұр.

«Біз қашан да жерлестерімізбен біргеміз. Осындай біріккен күштің, төзім мен сабырдың арқасында бұл қиындықты да еңсереміз деген сенім мол», - дейді университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале