Жәңгір хан университетінде Астанада өткен Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы форумға қатысып келген жастармен кездесу өтті.

Шараға БҚО Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы Шұғыла Ақмамбетова, осы орталықтың бөлім басшысы Еламан Нұғманов және университетіміздің 4-курс студенті Балауса Ілиясова мен білім алушылар қатысты. Қонақтар аталмыш форумның мақсат-міндеттері, талқыланған мәселелер мен өздерінің алған әсерлері туралы ой бөлісті.
Орталық маманы Шұғыла Дастанқызы Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен волонтерлер форумына әр өңірдің белсенділері қатысқанын атап өтті. – Ең басты қозғалған мәселе – волонтерлердің цифрлық паспортын дайындау болды. Егер бұл идея жүзеге асырылса, еріктілер үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Спикерлер пандемия уақытында, су тасқыны кезінде, «Таза Қазақстан» акциясы аясында мыңдаған еріктілер игілікті істерге ұйытқы болғанын жеткізді. Форумға қатысқан волонтерлердің ең жасы үлкені – 73 жастағы әже болды. Мұның өзі – патриот жастарға үлгі-өнеге, – дейді Ш.Ақмамбетова.
Волонтерлермен күнделікті тығыз байланыста болатын Е.Нұғманов өзі де мектеп қабырғасынан бастап түрлі іс-шараларға белсене қатысқанын айтты. «Өрт сөндіруші» мамандығын меңгерсе де, волонтерлік бағытты таңдауына да сол белсендігі ықпал етсе керек. – Волонтердің жұмысы – тек қана сенбілікке шығу емес. Жалпы волонтерлік қызметтің 13 түрі бар. Еріктілер қай уақытта да тегін қызмет көрсетеді. Оралдық ерікті жастардың қатарында төменгі курс студенттері көп кездеседі. Жалпы шаһарымыздағы волонтерлер – қай жағынан да белсенді, – деген Еламан Жанұзақұлы студенттерді еріктілердің қатарына қосылуға шақырды. Айтуынша, бүгінгі таңда волонтерлерге қолдау көрсету бағытында көптеген ұсыныстар айтылуда. Себебі, олардың еңбегі әділ бағаланып, қызметтері бір жүйеге келтірілуі тиіс.

Үлкен форумға қатысып, ел Президентімен кездескен әсерімен бөліскен Жәңгір хан университетінің 4-курс студенті Балауса Тарғынқызы бұл сапар – өзі үшін үлкен тәжірибе алаңы болғанын мақтанышпен жеткізді. Балауса – университетте жоғары білім ала жүріп, волонтерлік қызметті қоса атқаратын белсенді жас. Ол «Жәңгір хан ұрпақтары» волонтерлер қозғалысының жетекшісі. Жалпы университет еріктілері өңіріміздегі қайырымдылық іс-шаралары мен түрлі акцияларға жауапкершілікпен қатысып, өңірдегі волонтерлік қозғалысты дамытуға өз үлестерін қосып келеді.
Кездесу барысында қонақтар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, волонтерлік қызмет жайлы мәліметтер берді.
БҚАТУ баспасөз қызметі