Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Жалпы ел үшін 2017 тарихи әрі абыройлы жыл болды. Елорданың төрінде ЭКСПО 2017 көрмесі өтіп, Астана инновациялық жобалар мен түрлі мәдениеттердің тоғысқан орталығына айналды. Сондай-ақ Елбасының Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дамудың тағы бір сатысына бағыттады. Ал еліміздің «батыс қақпасы» – Жайық өңірі үшін өтіп бара жатқан жыл несімен есте қалды? Он жетінші жылдағы 17 жаңалықты тізіп көрсек...
1. Біріншіден, ерекше атап өту керек, жылдар бойы «Біздің жолдар нашар» деп келген ойымыз өзгере бастады. Биыл 500 шақырымға жуық жол жөнделді! Бұрын-cоңды мұндай оқиға болып көрген емес!!! Тек қала ішінде 67 көшеде жөндеу жұмыстары жүрсе, оның 61-і биыл аяқталды. Ресей еліне қарай бағыт алатын халықаралық маңызы жоғары жолға да асфальт төселді. Аудандардағы ауылішілік жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Оралдан 600 шақырым шалғайда жатқан Бөкейордасы мен Жәнібек аудандарының ішкі жолдарының біразы жөндеуден өтті. Келер жылдарда Хан Жәңгірдің ордасы орналасқан тарихи мекенге апарар жол да тегістеліп қалар деген үміт зор.
2. Екіншіден, облыстың 12 ауданының 60 ауылына таза ауыз су жетті. Рас, Батыс Қазақстан облысы таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі жағынан республика бойынша аса бір алда келе жатқан жоқ еді. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында халық осындай игілікке қол жеткізіп отыр. Құдықтан су тасып, біраз бейнет көрген ауыл тұрғындары үшін таза ауыз су құбырлары енді үйлеріне дейін жетіп тұр.
3. Облыстың 6 ауданының 35 ауылына газ өтіп, облыс бойынша көгілдір отынмен қамтылу деңгейі 100 пайызға жуықтады. Басқасы басқа, өзім ерекше қуанатын жаңалықтардың бірі – осы! Ауыл адамдарының қи ойып, күл шығарып жүргенін көргенде үнемі «ауыл халқы қашан қаладағыдай тұрады екен?» деп ойлаушы едім. Бала кезімде үйдегі пештің тек бір бөлмені ғана жылытатын шамасы болып, бәріміздің сол бөлмеге тығылып отыратынымыз есіме түседі. Қазір керемет!
4. «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» демекші, өз баспанаңның болғанына жетер байлық жоқ шығар?! Осы орайда, мұндай байлыққа биыл 1500 отбасы кенеліп отыр. Нақтырақ айтсам, облыс бойынша биыл қаржыландырудың барлық көздерінен 380 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, оның 115 мың шаршы метрі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынды. Мейрам сайын жаңа үй пайдалануға беріліп, облыс әкімі А. Көлгіновтің өзі пәтер иелеріне салтанатты түрде кілттерін табыс етіп келеді. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, аудандарда да 188 бірқабатты үй бой көтерді.
5. Жылдың басты жаңалықтарының бірі – Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын көшіру толықтай аяқталды. Барлық тұрғындар жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Өзім барып, көзіммен көрген адам ретінде ескі үйлердің орнына берілген жаңа үйлердің деңгейі бұрынғысынан бірнеше есе артық болмаса, кем емес дер едім. Бұл мақсатта Ақсай қаласында 9 қабатты екі тұрғын үй және Аралтал ауылында 100 бірқабатты үй салынды. Көпқабатты тұрғын үйлердің әрқайсысы 153 пәтерден, ал Аралталдағы үйлер 95-105 шаршы метрден болса, аулалары 8-12 сотокты құрайды. Мұның сыртында қаржылай көмек те көрсетілді. Сондай-ақ осы екі ауыл балалары үшін арнайы балабақша мен мектеп те дайын тұр. Жаңа жылдан бастап Аралтал ауылына көшіп келген балалар жаңа мектепке баратын болады.
6. Еуропаны көруді армандап жүргендер мен бизнес өкілдері үшін де тамаша мүмкіндік туды. Орал қаласынан Франкфуртқа тікелей қатынайтын әуе рейсі ашылды. Енді Еуропаға шығу үшін Астана мен Алматыға, көрші елдің қалаларына барудың қажеті жоқ. Оның үстіне бұл - өлкеміздің инвестициялық әлеуетін арттырудың тағы бір мүмкіндігі. Және! Биыл екі көршілес мемлекет басшыларының келісімі нәтижесінде «Тұлпар-тальго» жүрдек пойызы жолға шықты. Астанаға жол 14 сағатқа, ал Алматыға жету 26 сағатқа қысқарды. Ресеймен арадағы шекаралық тексерістер жеңілдетілді.
7. ЭКСПО 2017 көрмесінің нәтижесінде өңірде финдермен бірлескен үш бірдей инвестициялық жоба жүзеге асуда. «СтеклоСервис» ЖШС мен финдік Ламмин және Дженерал Финланд компаниялары бірлесіп, есік-терезе шығаратын цехты іске қосса, алда тұтастай жиһаз фабрикасын ашуға ниетті. Сондай-ақ құрылыс саласында ақ құрылыс саласында 3D жобалау жобасы мен тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын салынбақ.
8. Кәсіпкерлік саласында да оң нәтижелер көп. Биыл 10 инвестициялық жоба қолға алынса, шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 42 пайызын құрады. Сыртқы тауарайналым өткен жылмен салыстырғанда 56 пайызға өссе, экспорт 42 пайызға артты.
9. Шаһарымыз «Смарт сити» тұжырымдамасын жүзеге асыра бастады. «Ашық әкімдік» жобасы іске қосылды. Сондай-ақ цифрландыру бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Мәселен, қаладағы №3 емхана электронды кезек жүйесіне көшті, облыстық ауруханада ситуациялық орталық ашылды. Заманауи талаптарға сай ең үздік қондырғылармен жабдықталған жедел жәрдем көліктері сатып алынды. Шақырту уақыты 12-ден 9 минутқа қысқарды. Пәтер иелері кооперативтері де электронды жүйеге көше бастады. Көшелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 1500-нан аса бейнебақылау камерасы орнатылды.
10. Облыс орталығында апатты деп танылған 7 ескі тұрғын үй бұзылып, орнына мемлекеттік-жекенменшік әріптестік аясында көпқабатты заманауи тұрғын үйлер құрылысы басталды. Әбден ескіріп, қабырғасы жарылған үйдің орнында пайда болған Деповская көшесіндегі әдемі ғимаратты байқамай өту мүмкін емес (Суретін тіркедім).
11. Қала орталығындағы №4 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары мен мұғалімдері үшін тіпті ерекше қуаныштымын. Ескі ғимараттың орнында 4 қабатты кең, жарық білім ордасы бой көтерді. Көрсең көзің тояды. Ескі мектептің суретін осында салармын. Айырмашылығын айтпай-ақ, көзбен көріңіздер. Осы тұста биыл облыс бойынша жалпы саны 24 білім беру нысанының құрылысы қолға алынғанын да айта кеткен дұрыс.
12. Әр ғимараты бір тарих Менің Оралымда «Рухани жаңғыру» музейі ашылы. Ол жерде Алаш қайраткерлері мен өлкеміздің өткенінен сыр шертетін құнды жәдігерлер орналасты.
13. Өлкеміздің 6 тарихи орны еліміздің қасиетті жерлері тізіміне енді. Үш батысқазақстандық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды.
14. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл бойына жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 62 жоба іске асты. Ал жуырда өткен «Жомарт жүрек » атты меценаттар форумында өңір кәсіпкерлері келер жылы 1,6 млрд.теңге көлеміндегі өз қаржыларына әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын болып уәде берді.
15. Биыл Сырым батырдың туғанына 275 жыл толуы, Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығы, Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы, Ақжайықтың айнасы атанған қос басылым «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бір ғасырлық тойлары атап өтілді.
16. Қаланың қақ ортасында қазақтың үш қайсар қызы - Ұлы Отан соғысының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнатылды.
17. 2017 өнердің қара шаңырағы облыстық қазақ драма театрына да көптен күткен қуаныш сыйлады. Өнер ордасына Үкімет қаулысымен көрнекті өнер қайраткері Хадиша Бөкееваның, ал облыстық мәдениет және өнер орталығына ақиық ақын Қадыр Мырза Әлидің есімі ресми түрде берілді. Қаладағы №30 жалпы орта білім беретін мектеп қазақтан шыққан ұшқыш қыз, батыр Хиуаз Доспанованың есімін иеленді.
Бұл өтіп бара жатқан жылда өңір дамуындағы менің есімде ерекше сақталған оқиғалар ғана. Жыл бойына ондаған әлеуметтік жобалар мен жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, демеушілік көрсету секілді жүздеген игілікті істер атқырылды. Мұның барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың саясаты мен облыс басшылығының жəне ел үшін қалтқысыз қызмет етуді парыз санаған азаматтардың еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
P.S. Менің туған өлкемде, Қасиетті Жайықта осындай жетістіктердің орын алып, Оралдың күннен күнге көркейе түсуі кеудемді ерекше мақтаныш сезіміне толтырады. Келер жыл да жақсылыққа толы болғай!
Жидегүл Аманғалиева
Суреттер Александр КУПРИЕНКО мен Айбатыр НҰРАШтыкі