19.09.2018, 11:53
Оқылды: 51

БҚО әкімі Алтай Көлгінов: «Құрманғазы бабамыз – музыка әлеміндегі ұлы тұлға»

IMG_0678Оралда күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

-Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», - деп атап өтті.

Нарын құмында дүниеге келіп, қара шанақтан төгілткен күйімен туған халқын ұйытып, домбыра мен қазақтың егіз ұғым екенін дәлелдей білген Құрманғазы бабамыз – музыка әлеміндегі сөзсіз ұлы тұлға,-деді ғылыми конференцияға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.

-Жазушы, өнертанушы, этнограф Ақселеу Сейдімбек белгілі тұлғалардың тарихтағы орнын безбендей келе: «Еуропа  ренессансының  Данте мен Джоттодан басталып, Байронмен  аяқталатыны сияқты, қазақтың қайта өрлеуі Құрманғазыдан басталып, Абаймен тұйықталғандай. Бұл жай ғана әсіре теңеу емес, терең зерттеп тануды қажет ететін тарихи ақиқат. Құрманғазы – қазақ ренессансының алғашқы жез қанат қарлығашы» деген болатын.

IMG_0699

Күй атасы Құрманғазы өз туындыларымен жауының мысын басып, халқының намысын қайрады. Исатай мен Махамбет бастаған күрес тұсында «үлкен ағам Исатайға кіші інісі Құрманғазыдан» деп «Кішкентай»  атты күйін шығарды.

Қасиетті қазақ топырағында дүниеге келіп, Ресейдің Астрахань облысының Володар ауданындағы Алтынжар ауылында  мәңгілік тыныс тапты. 1997 жылы осы ауылда Құрманғазы бабамызға сәні мен салтанаты келіскен кесене ашылып, Елбасы Н.Назарбаев арнайы барып, Еділ бойының қазақтары мен  көпұлтты Астрахань жерінің тұрғындары алдында тебіреніспен сөйлеген болатын.

Өнерімен, өр мінезімен ұлтының ұйытқысы бола білген Құрманғазы Сағырбайұлының есімін ұлықтау жолында облысымызда толымды жұмыстар жүргізілуде. Орал қаласында даланың дархандығын бойына жиған құдіретті күйшіге арналған ескерткіш тұрғызылып, көшеге есімі берілді. Күллі қазақ өнерінің қас шебері, күй атасы атанған Құрманғазы бабамыздың ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты арнайы жасақталған экспедицияның Орал қаласынан шығып, РФ Астрахань облысы, Володар ауданындағы Алтынжар ауылында жерленген күйшінің басына тəу ету мақсатында оның ізі қалған жерлерге арнайы барып, зерттеу жүргізуі рухани сілкініс болды. Экспедиция  мүшелері осы жұмысы арқылы домбыраның қазақтың жаны екенін тағы бір мәрте дәлелдеп келді,-деген Алтай Сейдірұлы облыста атқарылған шараларға тоқталып өтті.

IMG_0704

-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен биылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісінің Ұлттық домбыра бүкілхалықтық мейрам күні болып  бекітілуі – қазақтың ары мен жаны, рухы мен намысына айналған ұлттық аспабымыздың дәрежесін зау биікке көтеріп, мәдени құндылықтарымызды жаһандық деңгейде ұлықтап, ұлттық айбынымызды асырып, халықтық  қалпымызды даралап, тіліміз бен тарихымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, музыкамыз бен салт-дәстүрімізді  сақтап  қалу жолында заманауи, жалпыұлттық сипат қалыптастырып, ұлттық реңк берді.

Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Ендеше, күй де күйші де қазақпен бірге мәңгі жасай берсін! Осы игі жақсы-жайсаңдардың бірегейі дәулескер күйші, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы тойлануда. Бұл халқымыздың ұлы тұлғаларына тағзымы! – деген облыс әкімі конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Нұрлыбек Рахманов,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

IMG_0649
IMG_0671
IMG_0701

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале