Облыс әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласындағы Достық үйінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Хамза Сафинді 95 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Алдыңғы толқын ағалар жиналған дөңгелек үстел басында сөз алған облыс басшысы Хамза Әбдірахманұлының есімі тек облыс емес, республика, жұртшылығына жақсы таныс екендігін, барлық саналы ғұмырын өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жолына жұмсағанын баян етті.
- Ұлы Отан соғысы басталған сұрапыл шақта 17 жасыңызда өз еркіңізбен майданға аттануыңыздың өзі – үлкен ерлік. Соғыста ерлік пен батылдықтың хас үлгісін көрсеттіңіз. Сол ерлігіңіздің алдында біз басымызды иеміз. Зейнетке шыққасын да қарап отырмай, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, он бес жыл бойы мүгедектер қоғамына жетекшілік еттіңіз. Көпшілік сізді сыйлап, құрметтейді. Сонымен қатар, әділ де мейірбан, ақкөңіл жан ретінде қадір тұтады. Жалпы сіздің өміріңіз, еңбегіңіз кейінгі буынға үлгі-өнеге. Осы жасқа келгенде есте сақтау қабілетіңіздің мықтылығы бізді талай рет таңдандырды. Мұның өзі сол кездегі адамдарға тән сипаттама деуге әбден болады. Аға толқынның осындай моральдық-этикалық қасиеттерінен тәлім-тәрбие алып келеміз. Әлі күнге дейін облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келесіз. Осы қалпыңыздан таймаңыз. Сізге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз, -деген Ғали Нәжімеденұлы ардагерге салтанатты түрде алғыс хат пен сыйлығын тапсырып, иығына шапан жапты.
Одан соң Хамза Әбдірахманұлын майдандас жолдастары мен қызметтес болған әріптестері де құттықтап, ізгі тілектерін, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Шара барысында облыстың жезтаңдай әншілері майдан, бейбіт өмір тақырыбындағы әндер шырқап, шараның шырайын аша түсті.
Шара соңында мерейтой иесі Хамза Сафин өзіне ақ тілектерін, шын көңілден жеткізген облыс әкіміне, жора-жолдастарына, қызметтестеріне алғыс айтты.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz