5.07.2021, 20:39
Оқылды: 57

БҚО әкімі бірнеше ауданда іссапармен болды

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарын Қаратөбе мен Сырым аудандарынан бастады. Ғали Нәжімеденұлы Қаратөбе ауданы әкімінің лауазымына тағайындалған Қадыржан Сүйеуғалиевті актив мүшелеріне таныстырды. Осыған дейін ауданды басқарып келген Жанат Есентаевтың қызметіне ризалығын білдіріп, оған алғысхат табыстады. Сонымен қатар Қадыржан Орынбасарұлына алдағы міндеттерді саралап, аудан экономикасын дамытуға байланысты тың тапсырмалар берді. Одан кейін өңір жетекшісі бірнеше құрылыс нысанының жай-күйімен танысты.

IMG-20210705-WA0045

 «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауқымында Қаратөбе ауданы орталығында спорт клубының ғимараты күрделі жөнделуде. «Жобаның жалпы құны – 48 миллион теңге. Мердігер ескі ғимаратты күрделі жөндеп, спорт клубын фитнес зал етіп жаңғыртып шығарады. Фитнес орталық тұрғындарға ақылы түрде қызмет етеді. Құрылыс жұмысы тамыз айында аяқталады», – деді аудандық спорт клубының директоры Екпін Тінәлиев. Облыс әкімі Ғали Есқалиев ауылішілік жолдардың жөнделу барысымен танысты. Одан кейін аудан орталығындағы Алаш және Қайыржан Хасанов атындағы музейге бас сұқты. «2018 жылы өткен жерлестер форумында ағайынды Хасановтар бастама көтеріп, мәдени ошақ салуға ұсыныс білдірді. 1918 жылы ақпан айында Қаратөбеде күнбатыс Алашорданың сиезі өткен еді. Осы тарихи оқиғаның болғанына 100 жыл өтуіне байланысты әрі ауданның құрметті азаматы, белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасановтың есімін жаңғырту мақсатында әке тәліміне қанық ұрпақ аудан әкімдігінің қолдауымен 100 миллион теңге қаражатқа музей кешенін салып берді», – деді аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан. Заманауи технологиялармен жабдықталған музейде Алашорда тарихына байланысты құнды деректер сақталған.

Мұнан соң облыс әкімі Сырым ауданына жол тартты.

CD08371C-3C4A-4E26-A750-970917D9EE8A

Облыс басшысы былтыр күрделі жөндеу жүргізілген аудандық полиция бөлімінің ғимаратын аралады. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Ербол Әлімбекеровтың сөзінше, ғимаратты жөндеуге 140 млн теңге жұмсалған. Тәртіп сақшылары күдіктілерді абақтыда уақытша ұстау үшін бұған дейін көршілес аудандарға сабылған екен. Ең бастысы, осы мәселе шешімін тауып, ғимарат ішіне жаңа тергеу абақтысы салыныпты. Қазіргі уақытта полиция бөлімінде 41 адам қызмет етеді. Мекеме меншігінде 10 аутокөлік бар. Кезекші бөлімдегі оператор бейнебақылау камералары арқылы 30 км қашықтықтағы барлық оқиғаны тәулік бойы бақылай алады. Бейнебақылау түсірілімдері жадта екі ай мерзімге дейін сақталады. Облыс әкімі қылмыстың алдын алуға арналған заманауи құрылғылармен ғимаратты жабдықтауға көңіл бөлуді тапсырды.

Аудан орталығы Жымпиты ауылындағы О. Исаев көшесінде салынып жатқан жол құрылысы облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Жолдың ұзындығы – 1,2 км, ені – 6 метр. Бұл жобаны жүзеге асыруға 125,2 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмысы тамыз айында аяқталады. Облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов О. Исаев көшесінің жөнделуі Жымпитының Қарасу бөлігін мекендегендерге қолайлы жағдай туғызатынын айтты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарында аудандық ауруханаға барды. Сырым аудандық ауруханасының бас директоры Роза Тахамбетова күрмеулі түйткілдердің біразын баяндады. Оның айтуынша, аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу қажет. Биыл жобалық-сметалық құжаттаманы жасақтауға 14,6 млн теңге бөлінген. Қат болып тұрған мәселенің бірі – ғимарат ішінде жеделсатының жоқтығы. Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан аумағында жол-көлік оқиғалары жиілеп тұр. Сондықтан аурухана ұжымы көлік апатына ұшыраған адамдарды шұғыл қабылдауына тура келеді. Ота жасайтын бөлме үшінші қабатта орналасқан. Оған мертіккен науқасты тасымалдаудың өзі бір ақырет.

Бұдан бөлек Роза Тахамбетова анестезиолог-реаниматолог, педиатр, акушер-гинеколог мамандар қажеттігін айтты. Қолданыста болғанына жиырма жылдан асқан сегіз «Жедел жәрдем» көлігінің тозығы жеткен. Апатты жағдайда тұрған Бұлан фельдшерлік-акушерлік пункті мен Көгеріс медқосынын күрделі жөндеу үшін ЖСҚ жасақталыпты. 2019 жылы Жаңаөңір медициналық пунктіне күрделі жөндеу жүргізілгенімен, әлі күнге ғимаратқа көгілдір отын жеткізілмеген. Аталған медпункт ғимараты облыстық денсаулық сақтау басқармасының теңгерімінде болғандықтан, оған аудандық бюджеттен қаржы қарастырылмайды екен. Облыс әкімі Ғали Есқалиев медициналық нысанды газбен қамту  мәселесі назарда болатынын айтты.

Өңір жетекшісі сол күні Сырым ауданы кәсіпкерлерімен кездесіп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мектеп-лицей және интернат салу мәселесін талқылады. Оған себеп аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берік Жанболсыновтың ауыл балаларына орталықтан сапалы білім беретін мектеп-лицей ашу керектігі жөнінде ұсыныс жасауы болды. Ғали Есқалиев жеке инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімді шарттарын түсіндіре келе, кәсіпкерлерді игі іске жұмылуға шақырды.

Келесі күні облыс әкімі Ғали Есқалиев Бөкей ордасы ауданы әкімінің лауазымына Нұрлыбек Даумовтың тағайындалуына байланысты өткен актив жиналысына қатысты. Аудан тұрғындары атынан ардагерлер Бөкей ордасын сегіз жыл басқарған Нұрлан Рахымжановтың жемісті еңбек еткеніне алғыс айтып, жаңадан тағайындалған әкімге сәттілік тіледі. Облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен Нұрлыбек Даумов енді меритократия қағидатымен туған жерін түлетпек. Ғали Есқалиев оған ауыл шаруашылығын өркендетіп, тарихи жерде туристік инфрақұрылымды дамыту маңызды екенін айтып, алда атқаруы тиіс бірқатар міндетті атап өтті.

Өңір жетекшісі Хан ордасы ауылдық мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. 300 орындық мәдениет үйі 2010 жылы күрделі жөнделген, бірақ ғимарат іші қайтадан тозығы жеткендей көрінді. Баспалдақтар жыл сайын қалың сырмен боялатыны байқалып тұр. Көрермен залын қайта жаңғырту қажет екен. Мәдениет үйінің ұжымы жаңа музыкалық аспаптарға мұқтаж. Облыс басшысы БЖСМ-ға қарасты ат спортының ұлттық түрлері бөлімінің жұмысымен танысты. Былтыр желтоқсан айында іске қосылған ат спорты мектебінің тынысы ашылып келеді. «Мектепте отыз баланы бәйгеге шабуға және жамбы атуға дайындаудамыз. Үйірмеге жасы оннан асқан жасөспірімдерді қабылдаймыз. Балалар бос уақытында осында келеді. Ат спорты шыдамдылықты, тынымсыз еңбектенуді талап етеді»,  – деді жаттықтырушы Нұрғиса Ерболатұлы. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Бөкей ордасы ауданының сервис желісі пунктіне барды. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов 2020 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылғанын, бірақ ауылішілік желі сапасы сын көтермей, интернет жылдамдығы баяу болып тұрғанын баяндады. Абоненттерге сапалы интернет ұсыну үшін ауылішілік желіні жаңғырту керектігін айтты.  

Қазіргі уақытта Казталов–Жәнібек–Сайқын–РФ шекарасы аутожолын жөндеу өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Облыс әкімі Ғали Есқалиев күре жол бойындағы құрылыс учаскелеріне барып, жұмыс қарқынымен танысты. Сайқын ауылынан бастап (Өнеге-Бисен-Сайқын, 50-103 км) «Ақ жол құрылыс» ЖШС 35 шақырымнан астам жолды асфальттауды бастапты. Жергілікті «QONYR-SERVIS BQO» ЖШС да қосалқы мердігер ретінде жөндеу жұмысына үлес қосады. Өнеге-Бисен-Сайқын бағытындағы (0-50 км) екінші учаскеде жол құрылысын жүргізіп жатқан «Атырау жолдары» ЖШС инженері Орынбасар Өтепқалиевтің айтуынша,  биыл мердігер 3,2 млрд теңгені игереді, осы қаржыға 15 шақырым жолды толық асфальттап үлгермек. Жөндеу жұмысына 100-ден астам адам тартылған.

Ғали Есқалиев Казталов-Жәнібек-РФ республикалық маңызы бар жолдардың күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысып, учаске аумағында мердігерлермен кездесті. Басқосуға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму аутомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының директоры Әмір Кәрімбаев және мердігер-компаниялардың басшылары қатысты. «Жиында республикалық маңыздағы аутожолды жөндеу жұмысының барысы  талқыланды. Облыс әкімінің тапсырмасына сай қазіргі уақытта құрылыс материалдары уақтылы жеткізіліп, мердігер компания екі ауысымдық кесте бойынша жұмыс істеуде. «Теміржол жөндеу» ЖШС өкілдері асфальт-бетон зауытының қарқынды жұмыс істеуі үшін отын ретінде газ пайдалануда басымдық беруді ұсынып отыр. Қазіргі уақытта мердігерлер белгіленген жұмыс кестесінен кешігіп келеді. Биылғы жауын-шашынның көп болуы да әсер етуде. Өңір жетекшісі құрылыс қарқынын ширатуға тапсырма берді. Казталов-Жәнібек-РФ аутожолын «Uniserv» және «Теміржол жөндеу» ЖШС-лары жөндеуде», – деді Әмір Кәрімбаев.

Облыс басшысы Жәнібек ауданына жасаған жұмыс сапарында алдымен мәдениет және демалыс саябағына табан тіреді.

A3F92C8C-7BBB-40C5-A01B-C551CF62FEBD

Биыл аудандық бюджеттен абаттандыру жұмысына 27 млн 400 мың теңге ақша бөлінген. Осы қаражатқа саябақтағы сахна жаңаланды. Көрермендерге арналған орындық саны 30-дан 110-ға дейін көбейтіліп, оның үстіне шатыр орнатылды. Түнгі шамдар ауыстырылды. Жазғы маусымда жаңартылған саябақ тұрғындарды күтіп тұр. Бұдан кейін Ғали Нәжімеденұлы аудан орталығындағы «Жас маман» бағдарламасы ауқымында

М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің базасына жаңа техникалар алынғанын көрді. Аталған колледж директоры Берік Ықсанов бағдарламаның орындалуына байланысты толық ақпарат беріп, шеберханалар заманауи технологиялар бойынша жұмыс істейтінін айтты.  

Сонымен қатар Ғали Есқалиев Жәнібек ауылындағы екі қабатты 12 пәтерлі екі үй құрылысының барысымен танысты. Үйлердің құрылысы 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында басталды. Құрылыс жұмысын мердігер биылғы тамыз айында аяқтауды жоспарлаған. Аудан әкімдігі жанындағы комиссия шешімімен көп балалы 16 отбасына және әлеуметтік осал топтағы 24 азаматқа жаңа үйден пәтер берілмек. Тұрғын үй құрылысының жалпы құны – 281 млн теңге. Инженерлік-коммуникациялық желілерді абаттандыру жұмысына 72 млн 238 мың теңге бөлінген. «ЭнергоРемСервис» ЖШС-нің басшысы Максим Рудьтің сөзіне сүйенсек, тұрғын үйлердің алдына street workout пен балалар ойын алаңы салынатын болады.  

Облыс әкімі жеке кәсіпкер Ербол Кадимовтың алма бағына аялдады. Іскер азамат «Бизнестің жол картасы – 2021» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге грант қаржысын алып, алма ағашын отырғызған. Ербол алма терегі келесі жылы өнім бере бастайтынына сенеді. Ғали Есқалиев өзіндік бастамасымен үлгі болатын азаматтарға қолдау болатынын айтты. Өңір жетекшісі Жәнібек ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жайын тексерді. Спорт нысанын салу 2019 жылы басталған еді. Бірақ былтыр құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігермен тапсырыс беруші «ҚПО б.в.» компания қош айтысқан. Құрылысты қолға алған жаңа мердігер ДСК-ны тамыз айының аяғында пайдалануға бермек. Облыс басшысы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын тиянақты аяқтауды тапсырды.

Ғали Есқалиев Казталов ауданы орталығындағы 600 орындық мектеп құрылысымен танысты. Мектеп құрылысына 2 010,63 миллион теңге қаражат бөлінген. Мердігер құрылыс нысанын жыл аяғына дейін тапсыруы тиіс. Білім ошағының екінші қабатында спортзалдар орналасады. Бірінші қабатында 4 мыңға дейін кітап сақтауға болатын кітапхана салынады. Қазіргі уақытта мектеп кірпіші қаланып, электр жабдықтау жұмысы жүргізілуде. Облыс әкімі жұмыс сапарында Жалпақтал ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. «ҚПО б.в» компаниясының тапсырысымен салынған кешен спорт секцияларына бөлінген. Кең аулаға шағын футбол және жүгіру алаңдары салынған. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2019-2020 жылдары тоғыз дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Алдағы уақытта тағы екі спорт кешенін саламыз. Кәсіби тұрғыда спорт әліппесін меңгерген жастар еліміздің абыройын асқақтатады. Жалпақталдағы зәулім ғимарат бұқаралық спорттың дамуына серпін беретініне сенемін», – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

210709787_2917359618482623_3127730994164375196_n

Өңір жетекшісі Жаңақала ауданында аудандық полиция өкілдерімен, шаруа қожалықтарының басшыларымен жүздесті.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале