Құрметті батысқазақстандықтар!
Сіздерді еліміздің ең айтулы мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы алғашқы қадам еді. Биыл Мемлекет басшысы Республика күні мерекесіне ұлттық мейрам мәртебесін қайтарды.
Өткенге көз жүгіртсек, егемендік алғаннан бері экономикамыздың нығайып, демократиялық үдерістердің жағымды өзгерістерге бастағанын, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарғанын аңғарамыз. Еліміздің тұрақты дамуына батысқазақстандықтар да зор үлес қосуда. Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласы дамып, өндіріске, оның ішінде машина жасау саласына тың инновациялар енгізілуде. Шағын және орта бизнес, халықты әлеуметтік қорғау салаларында көптеген жетістік бар. Облыс орталығында татулық пен жасампаз еңбектің арқасында ондаған шағын аудан, аурухана, мектеп, балабақша, спорт сарайлары және мәдениет үйлері бой көтерді. Осының бәрі – Жайық бойын жайлаған жайсаң жандардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Біздің Отанымызда ел бірлігі, ұлтаралық жарасым мен сыйластық, дінаралық татулық пен түсіністік, туған ел мен жерге деген перзенттік парыз ең басты рухани-қоғамдық құндылық саналады. Мемлекетіміздің гүлдене түсуі үшін жұмыла жұмыс істесек, Қазақстанымыз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан түлей түсері анық. Мейрам құтты болсын, қадірлі жерлестер! Жанұяларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Құрметпен,
облыс әкімі Ғали Есқалиев