Құрметті соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері! Құрметті батысқазақстандықтар!
Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
9 мамыр – батылдықтың, ерліктің, адалдық пен Отанға деген шексіз махаббаттың белгісі.
Бұл күні біз аталарымыздың өшпес ерлігін, оларға түскен ауыртпалықтар мен қиындықтарға толы сәттерді еске аламыз.
Кейде біз қасымызда нағыз батырлар мен аңыз адамдар жүргенін сезінбейміз. Турасында олар тарихты жасаған ұлы адамдар.
Соғыс жылдары майданға 76 мыңнан астам батысқазақстандық ел қорғауға аттанды. Оның ішінде 36 мың жерлесіміз ажал құшты. Ерлігі мен батылдығы үшін 42 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, 6 адам Даңқ орденінің иегерлері атанды.
Қиын кезеңде бүкіл халық жауға қарсы бір серпінмен тойтарыс беріп жатқанда ерлермен бірге Отан қорғауға әйелдер де аттанды.
Өзінің соңғы шайқасында 72 жауды жалғыз өзі жойған пулеметші Мәншүк Мәметова Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақ әйелі болды.
Полктің штурман-мергені, бүкіл Кеңес армиясында жалғыз қазақстандық ұшқыш атанған Хиуаз Доспанованың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Ерлігі мен батылдығы үшін Хиуаз Доспанова Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы ордендері мен әне т.б. марапаттарға ие болды.
Соғыс жылдары Орал қаласына 14 өндірістік, қорғаныс кәсіпорындары мен 20 әскери госпитальдар көшіріліп, әскери бөлімдер құрылды.
Жауынгерлер мен тыл еңбеккерлері бірлесе еңбек етіп, Жеңіс күнін жақындатты. Қарттар, әйелдер мен жасөспірім балалар егіс алқаптарында, фабрикаларда жұмыс істеді.
1942 жылдың қазан айында Сталинград майданының тылына айналған Жәнібек және Бөкейордасы аудандарының елді мекендерін жау авиациясы күн сайын, кейде күніне бірнеше мәрте бомбалап тұрды. Соған қарамастан, аймақ майданды үздіксіз әскери техникамен, оқ-дәрі, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, жараланған сарбаздарды емдеп отырды.
Бұл жадымызда мәңгі сақталатын әр отбасының тарихы.
Өкінішке орай, уақыт керуеніне бөгет жоқ. Бүгінде облыс бойынша 38 ардагеріміз ғана жеңістің 76-шы көктемін қарсылап отыр. Ал жеңісті жақындатқандардың ішінде із-түссіз жоғалған боздақтарымыз қаншама. Қаншама отандастарымызға туған жердің топырағы бұйырмады. Бүгінде біз мәңгілікке кеткен батырларымызды сағынышпен еске аламыз.
Сұм соғыс бүкіл адамзатқа үлкен сабақ болды. Біз бірлік пен зор үміттің арқасында жеңіске жете білдік. «Берекелі бірлік – бәрін жеңбек» деген ұранды ұстанған қазіргі Қазақ Елі тыныштық пен бейбітшіліктің жоғарғы үлгісін көрсетіп отыр.
Қадірлі жерлестер, сіздерді тағы да Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын!
Ардагерлерімізге сонау қиын соғыс жылдарындағы ерліктері мен адал еңбектері үшін бас иіп алғыс білдіремін! Сіздерге мықты денсаулық, бақыт, ұзақ ғұмыр тілемін!
Жеңіс күні құтты болсын!