30.09.2020, 11:03
Оқылды: 20

БҚО әкімі Индустрия министрлігінің сынына жауап берді

Жылыту маусымына орай Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен әлеуметтік нысандары отынмен толық қамтамасыз етілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Esksliev

«Индустрия министрлігінде көрсетілген мәлімет өткен аптаның басында болған жағдайға сәйкес берілген. Қазіргі таңда жағдай өзгерді. Соңғы аптада жұмысты жандандырып, келесі нәтижелерге қол жеткіздік. Біз қазандықтарды, электр қосалқы стансаларды және су құбырларын күрделі жөндеу бойынша жоспарлы жұмыстарды өткіздік. Автономды қазандықтардың дайындығы 95,7 пайызды құрайды. Сумен қамту және су бұру желілері 95 пайызға, жылыту желілері 100 пайызға дайын. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласының нысандары жылыту маусымына – 100, білім беру нысандары 95,2 пайыз дайын болды», - деді ол. Өңір басшысының айтуынша, бірқатар әлеуметтік нысан 25 қыркүйекте жылыту жүйесіне қосылды. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің 95 пайызы гидравликалық сынақтан өтті. Көппәтерлі тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар 5 қазанға 100 пайыз дайын болады.

«Тұрғындар және әлеуметтік нысандар отынмен толық қамтылды. Ауа райының болжамына сәйкес, алдағы 10 күнде орташа ауа температурасы +10 градустан жоғары болады. Облыс аудандары мен Орал қаласында электрмен жабдықтаудың автономды резервтік көздерін дайындау қамтамасыз етілді. Тәулік бойы жұмыс істейтін 72 апаттық бригада құрылды. Коммуналдық кешен нысандарында материалдық-техникалық ресрустардың азаймайтын резерві жинақталды. Алдағы жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда», – деді Ғали Есқалиев. Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Батыс Қазақстан облысында білім беру, денсаулық сақтау нысандарын, тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындық нашар жүріп жатқанын айтқан болатын.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале