Облыс әкімі Нариман Төреғалиев облыстық әкімдіктің ғимаратында Қазақстан Жазушылар одағының Ақ Жайық атырабында тұратын мүшелерін қабылдады.

Ең әуелі өңір басшысы қаламгерлерді Жаңа жылмен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі. Сонымен қатар батысқазақстандық ақын-жазушыларға стипендия сертификатын тапсырды.
– Биылғы жыл Жайық жұрты үшін оңай болған жоқ. Көктемгі су тасқыны кезінде Орал қаласының маңындағы қаптаған саяжайларды тұрақты мекен қылған қарайған отбасының баспанасын нөпір су басты. Бұған қоса Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарының кейбір елді мекендерінде де күрделі жағдай қалыптасып, көптеген үйге су кірді. Президенттің пәрмені, Үкіметтің қолдауы, кең байтақ Қазақ-стан бойынша отандастарымыздың жаппай жанашырлығы, жергілікті билік пен жергілікті халықтың бірлігі мен жанкешті еңбегі, Жайық жастарының жалын-жігері мен қажыр-қайраты тасқын судың зардабын жоюға, күздің қара суығына дейін баспанасыз қалған қалың бұқараны үйлі-жайлы қылуға айтулы ықпал етті. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан облыста жол салу, тұрғын үй тұрғызу, әлеуметтік нысандарды жаңалап-жаңғырту, алты ай жаз бойы коммуналдық қызмет нысандарын алдағы қаһарлы қысқа дайындау сықылды тағы да басқа қыруар тірлік толастап-тоқырамай уақтылы жүргізілді. Міне, соның нақты көрінісі, айшықты мысалындай ескі жыл мен жаңа жылдың тоғысында біздің өңірде жаңа үйлер мен жаңа мектептер, жаңа медициналық нысандар мен спорт кешендері, күрделі жөндеуден өткен мәдениет ошақтары жергілікті жұрттың игілігіне берілуде. Құрметті қаламгерлер, сіздер тұрғындарға рухани тұрғыда қолдау білдіріп, игі бастамалардың басы-қасынан табылдыңыздар. Күні кеше Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына барып келдіңіздер. Келесі жылы өздеріңізбен бірге біраз ауқымды жобаны жүзеге асырамыз деген сенімдемін, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Содан соң Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин қаламгерлердің шығармашығын дамыту бағытында жыл бойы атқарылған игі жобаларға тоқталып өтті.
– «Қазақ әдебиеті» газетінің біздің облысқа арналған төрт бет қосымшасын шығару үшін бөлінген 5 000 000 теңге толық игерілді. Кең байтақ Қазақстан бойынша жалғыз респубикалық апталық әдеби басылымда көктем мен жаз айларында біздің облыстың қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени тыныс-тіршілігі төрт бет болып шығып тұрды. Түбі көрінген 2024 жылы әдеби тұрғыдан тындырған айтулы шаруамыздың бірі – «Ақ Жайықтың аспаны» атты батысқазақстандық жас ақындардың ұжымдық жинағы. Бұл – жергілікті жас қаламгерлердің 23 жылдан бері жарық көріп тұрған ұжымдық жинағы. Ретті жерінде 17-35 жас ара-лығындағы 32 жас ақынның өлең-жыры енген аталмыш шығармашылық жоба-жоспарға Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасы қаржылай қолдау танытқандығын айта кеткеніміз жөн. 2024 жылы Қазақстан Жазушылар одағы Мәдениет және ақпарат министрлігімен стратегиялық әріптестіктің бір сипаты ретінде бірнеше жобаны қолға алды. Мәселен, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасына жас ақын Мәрлен Ғилымхан, «Жазушылардың шеберлік мектебіне» жас ақын Меңдібек Лұқпанов, ал «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық ақын-жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасына танымал ақын, белгілі журналист-өлкетанушы Қазбек Қабжан атсалысты. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жастық мерейтойына орай қыз-келіншектер мүшәйрасын облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірігіп ұйымдастырдық. 2024 жылдың басында облыс басшысының ұйытқы болуымен төрт қаламгерді «Нұрберген» шипажайында денсаулықтарын нығайтып, демалдырып алдық. Сірә, соның жағымды әсері болса керек, шипажайда тынығып, сергіп келгеннен кейін көп ұзамай жазушы Алпамыс Бектұрғанов «Шеф» деп аталатын жаңа кітабын шығарды. Шипажайда демалып, шабыт шақырып, шығармашылық тұрғыдан ширығып қайтқан өзге әріптестеріміз де қарап қалмасы анық, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.
Оған қоса Б. Ғұбайдуллин жыл сайын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік тапсырыс аясында әдебиеттің әр жанры бойынша бірнеше кітап шығатынын және кітабы шыққан авторларға қомақты қаламақы төленетінін тілге тиек етті. Бірақ мұндай игілікке облыстардағы, әсіресе, шалғай өлке-өңірлердегі ақын-жазушылардың қол жеткізуі өте қиын екенін алға тартты.
– Сол себепті өткен қараша айында біздің облысқа Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айзада Құрмашева келгенде мемтапсырыс бойынша кітап шығару барысында шалғай облыстарда тұратын қаламгерлер үшін арнайы квота бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсындым. Ол кісі «Ойланатындай ұсыныс екен» деген бірауыз пікір білдірді. Айта кетейін, бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілдігі Ақ Жайық атырабында тұратын қаламгерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Біраз іс-шара Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығымен бірге ұйымдастырылды, – деді Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі.
Әкім мен ақын-жазушылардың кездесуінде осындай ортақ жақсылықтар тілге тиек болды. Бұған қоса түзетілуі тиіс кем-кетіктер мен шұғыл атқарылуы шарт шаруалар да ортақ әңгіменің өзегіне айналды. Жылы шырайлы жүздесу барысында 2025 жылы билік пен зиялы қауым болып бірігіп атқарар бірқатар шаруалардың бағыт-бағдары да пысықталды.
Өз кезегінде ақын Айтқали Нәріков «Жаңа жылға тілек» атты өлеңін оқып берсе, Дариға Мұштанова мен Мира Шүйіншәлиева өңір басшысына жаңа кітаптарын сыйға тартты. Алпамыс Бектұрғанов, Аманкелді Шахин, Закария Сисенғали, Сағынтай Бисенғалиев, Бауыржан Халиолла және басқа да қаламгерлер ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, Ақ Жайық өңіріндегі ақын-жазушылардың алдағы уақытта оқырманды тартымды-тағылымды шығармаларымен қуанта беретінін жеткізді.
Мәрлен Ғилымхан
zhaikpress.kz