28.06.2024, 18:00
Оқылды: 265

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Дәл қазір облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған жиынға қатысып, сала мамандарын құттықтап жатыр.

7556D0E2-02C7-4B07-B73A-3C6BE2E45909

«Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

БАҚ-тың қоғамдағы рөлі ерекше. Журналист – қоғамның мұң-мұқтажын, өзекті мәселелерін билікке жеткізетін дәнекерші. Мемлекет басшысы бүгінгі құттықтауында бұқаралық ақпарат құралдары қоғам санасын жаңғыртып, ұлт тұтастығын нығайту жолында айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

Батыс Қазақстан өңірінде ресми тіркелген 122 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың бәрінде 400-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Елді-мекендер мен аудандардағы, қаладағы әрбір журналист өңірдегі ақпарат саласын дамытуға айрықша үлестерін қосып жүр.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты». Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың осынау ойлы сөзі журналист еңбегінің қаншалықты жауапты, қаншалықты қастерлі екенін айқындап тұр. Қалам ұстаған қауымның жыл он екі ай тынымсыз еңбегі қашанда лайықты бағасын алуы тиіс.

Су тасқыны кезеңінде батысқазақстандық журналистер өздерінің белсенділіктерін көрсетті.

Тасқын кезінде құрылған Жедел ақпараттық штабтың жұмысын атап өткім келеді. Ақпараттық штаб – шынайы ақпарат көзіне айналды. Сіздер күн демей, түн демей ақпарат таратып, халық үшін жасалған жұмысты көрсете білдіңіздер», - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі құттықтауында кеше Мемлекет басшысының қатысуымен өткен салтанатты шарада облысық «Орал өңірі» газеті редакторының орынбасары Гүлсезім Бияшеваның БАҚ саласындағы Президенттің грантын иеленгенін және «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрбек Оразаевтың Президенттің Алғысымен марапатталғанын атап өтті.

«Бұл – Президентіміздің тарапынан өңір журналистеріне берілген жоғары баға.

Бүгінде Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар сала ардагерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттайтын боламыз.

Барша батысқазақстандық журналистер зор құрметке лайық!

Құрметті, Бұқаралық ақпарат саласының қызметкерлері! Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында келе жатыр. Баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алды. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары заман талабына сай даму үстінде. Дегенмен, әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны бәсеңдемейді. Журналист – қай заманда болсын, құрметті мамандықтың бірі болып қала береді.

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!», - деді Нариман Төреғалиұлы.

Мерекелік шара БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімімен жалғасты.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале