3.08.2020, 10:33
Оқылды: 143

БҚО әкімі Өнеге-Бисен-Сайқын жолына жеткілікті қаражат бөлінетінін айтты

Республикалық маңыздағы автожолға жататын Өнеге-Бисен-Сайқын бағытындағы 100 шақырымнан астам жолды «Атырау жолдары» мен «Ақ жол құрылыс» ЖШС-лары кезең-кезеңімен күрделі жөндемек.

38400F8F-2A7B-43A2-98A4-DB88A024AC36

Бұл үшін Жәнібек ауданындағы Өнеге ауылынан өндірістік база жасақталып, жұмысшылар үшін үй вагондары орналастырылған. «Атырау жолдары» ЖШС-на биыл автожолдың 20 шақырымын күрделі жөндеу міндеттелген. Компания басшысы Серғали Қажығалиевтің айтуынша, келісімшарт бойынша бөлінген 480 миллион теңге 6 шақырым жолдың бір қабатын тартуға ғана жетеді. Қаражат бөлініп отырса, компания межелі жұмысты орындай бермек. «Ақ жол құрылыс» ЖШС-ның басшысы Серік Байжанов та биыл бөлінген 485 миллион теңгенің 114 миллион теңгесін игергендерін айтты. Компания жолды жөндеуге 23 техниканы пайдалануда. «Компаниялардың акционерлерімен серіктестік басшылары келісіп, қаражат бөлу жағын қарастыруы керек. Жөндеу жұмысын үзбеңіздер. Алдағы уақытта жеткілікті қаражат бөлінеді. Бұл мәселе бойынша Үкіметпен байланысқа шығамын. Бюджетті нақтылау керек. Маңызды жобаны ұдайы назарда ұстаймыз», – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

– Биыл «Атырау жолдары» автожол астына екі су құбырын өткізді. Қазіргі уақытта төрт шақырым айналма жол салынды. Жолдың төменгі қабаттары салынуда. Құрылыс учаскесіне құм араластырғыш қондырғы жеткізілді. «Ақ жол құрылыс» автжолдың 2,6 шақырымының төменгі қабатын тартуда. Тамыз айында асфальт зауыты қондырғысы орнатылады. Сол кезде асфальт бетонның бір қабатын құйып шығуға мүмкіндік болады, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ БҚО филиалының директоры Еркебұлан Жұманов.

Н. Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале