БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Қаратөбе ауданына барды.
Алдымен аймақ басшысы Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылына кіретін жолдың құрылысымен танысты. Жолдың құрылысы тек жақында басталған. Нариман Төреғалиұлы жолдың сапасын сынға алды.
- Мына жолдың сапасы сын көтермейді. Неге бірден дұрыс жұмыстанбайсыздар. Мемлекеттік бақылау барын ұмытпаңыздар. Ауылдың халқы үшін сапалы, тақтайдай тегіс жол салып беріңіздер, бақылаушы орган дұрыстап қадағаласын, - деді Нариман Төреғалиев.
Бұдан әрі аймақ басшысы "Ауыл аманаты" жобасы аясында салынып жатқан мал ұстауға арналған орынның жұмысын көрді.
- Мемлекеттен 21 миллион ақша алып, осы орынды салып бастадық. Асыл тұқымды мал алуға деп 11 миллион субсидия алдым. Ол ақшаға Ақтөбе облысынан сүтті, етті тұқымды 55 сиыр мен екі бұқа алдық. Мемлекеттің қолдауын сезініп жатырмыз. Дегенмен қиындық та жоқ емес. Бізге қажетті техникалар алуға көмек болса дейміз, - дейді "Жеңіс Ерхан" шаруа қожалығының жетекшісі Жеңіс Исатаев.
Жеңіс Исатаев қазір ауылдың төрт тұрғынын жұмыспен қамтып отырғанын айтады.
Қоскөл ауылында болған облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауылдағы амбулаториялық пункттің ішін аралап көрді.
Белгілі болғанындай Қоскөл ауылындағы амбулаториялық бөлімшеге күрделі жөндеу қажет екен. Аймақ басшысы алдағы жылы күрделі жөндеуге тиісті қаражат бөлінетінін жеткізді.
Дәл қазір облыс әкімі Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп жатыр.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz