Бүгін Оралда облыстық соттың ұйымдастыруымен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында облыс бойынша бастамашыл топтың «Батыс Қазақстан облысының билер одағы» қоғамдық бірлестігін құру жөніндегі құрылтайшы жиыны өтті.
Жиынға қалалық, аудандық билер кеңесінің, Әділет департаментінің, БАҚ өкілдері, облыстық сот судьялары, доғарыстағы судьялар, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Бас қосуды ашқан облыстық сот төрағасы Бек Әметов ұлттық құндылықтарды жаңғыртуды, азаматтық дауларды шешуге септігін тигізетін және оларды сотқа жеткізбей дауласқан тараптарды татуластыруды көздейтін билер кеңестерінің барлық аудандарда, қала маңындағы ауылдық округтерде құрылғанын баян етті.
«Ендігі жерде сол құрылған билер кеңестерінің жұмысын тиісті деңгейде үйлестіру қажеттігі туындап отыр. Соған орай бастамашыл топ «Батыс Қазақстан облысының билер одағы» қоғамдық бірлестігін құру жөнінде бірлестіктің жалпы жиналысын өткізуде. Мұндай игі бастама азаматтар үшін де, сот органдары үшін де тиімді. Өйткені қоғамдық бірлестік те ел ішіндегі дауласушылық деңгейін азайтуға ықпал етпек», - деді төраға.
Құрылтай жиында бірауыздан «БҚО билер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағалығына еңбек ардагері Асқар Атаев, хатшылығына еңбек ардагері Қалиолла Мұқанов сайланды. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің Жарғысы бекітілді.
Билер одағы ел ішіндегі дау-дамайды азайтуға күш салатын, дауласушыларды татуластыратын, бітімгершілікке келтіретін, кешірімді, әдепті болуға үндейтін сыйлы, аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарымыздан, ағаларымыздан құрылды. Бұрынғы заманда бидің бірауыз сөзімен дау-жанжалдар тоқтаған, екі ел татуласқан. Сол деңгейге жетпегенмен, халықтың арасында қызмет жасауға ынталымыз, - деді Қалиолла Мұқанов.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер