Батыс Қазақстан облысында шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары бағытындағы жолды 2023 жылы салып бітіру көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Әмір Кәрімбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, ұзындығы 248 шақырымды қамтитын республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын автожолдарында күрделі жөндеу жұмыстары биыл жалғасады.
Оның айтуынша, аталмыш жол құрылысын осыған дейін аяқтау жоспарланса да, оны бітіру мүмкін болмады. Оның басты себептері – қаржының толық бөлінбеуі, пандемияға байланысты мердігер компаниялар жұмысшыларының індетке шалдығуы, жауын-шашынның мөлшерден көп түсуі, инертті материалдарды тасымалдаудағы қиындықтар және құрылыс материалдарының қымбаттауы.
Ә.Кәрімбаевтың сөзіне қарағанда, жол салу басталған үш жылдан бері 23 миллиардтай қаржы игерілген. Соның ішінде өткен жылы 20 млрд теңге бөлінсе, соның тең жартысына жуығын басқа жобаларға беруге тура келген. Биылға 10 млрд теңге қарастырылса, алдағы уақытта сондай көлемде қосымша қаржы сұралатын болады. Осы жобаны толықтай аяқтау үшін барлығы 57 млрд теңгені игеру жоспарланған.
«Биыл алты күрделі жөндеу нысанына 5 мердігерлік компания тартылған. Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы автожолының 53-95 шақырымы бөлігі бойынша өз міндеттемесін орындамаған мердігер «Теміржол жөндеу» ЖШС-мен өткен жылдың соңында келісімшарт бұзылды. Бұл жол учаскесі «ҚазАвтоЖол» ЖШС-ға күтіп ұстау үшін тапсырылды. Қазіргі таңда жаңа мердігер компанияны анықтау бойынша конкурстық рәсімдерді жариялау үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бес учаскеде мердігер компаниялардың 4 топырақ араластырғыш құрылғысы мен 4 асфальтбетон зауыты толық дайын. Сонымен қатар барлық учаскеде мердігерлердің жеке зертханалары жұмыс істейді. Биылғы жол құрылысына 388 жол-құрылысы техникасы мен 582 жұмысшыны тарту жоспарланса, соның 85 пайызы – жергілікті тұрғындар», деді Ә.Кәрімбаев.
Сонымен қатар қардың еруіне байланысты Казталов-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын жолдарында қатынастың қиындап кеткені белгілі. Әсіресе, Казталов-Жәнібек-РФ шекарасының 25-28 шақырымында және Өнеге-Бисен-Сайқын жолының 6-20 шақырымында лайсаң уақытта жол жүру мүмкін болмай қалды. Осы мәселені шешу мақсатында мердігер ұйымдардың қызметкерлері 36 арнайы техникамен тәулік бойы кезекшілік жұмыстарын атқаруда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданына жол салу жұмысы кешеуілдеп отырғанын жазған болатынбыз