7.04.2017, 9:53
Оқылды: 34

Облысымызда 100-ге жуық баланы күйік шалған

Fliuraa   Батыс Қазақстан облысында балалар арасында жарақат алу азаяр емес. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында балалар мен жасөспірімдер арасында жол-көлік оқиғасынан және тұрмыстық жарақат алудың алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында айтылды.


    Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Динара Әбділқалықованың сөзіне қарағанда, балаларды жол-көлік оқиғаларынан сақтандыру үшін, әсіресе, сәуір-мамыр айларында алдын алу шараларын көбірек жүргізу керек. Осы мезгілде көлік тасқыны артып, балалар көшеге жиірек шығады. Биыл жыл басынан бері облыста жасөспірімдердің қатысымен 8 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан бір бала көз жұмды.

     Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың мәлім еткеніндей, биыл 5 жасар сәби түнде бесікте жатып, тұншығып қайтқан. Сондай-ақ 54 бала тыныс алу органдарына түрлі затты тығып жіберсе, 99-ын күйік шалған. 68 баланы жануарлар тістеп алған. Оған қоса балаларға қатысты 301 зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Мұның бәрі ата-аналардың өз балаларына немқұрайлы қарауынан, бақылаусыз қалдыруынан болып отыр.

    Жиында сондай-ақ облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталығының директоры Зияда Молдағалиева 7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында бекіту науқанының басталғаны жөнінде мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әбдірахманованың айтуынша, 5 сәуірден 31 маусымға дейін елімізде бекіту науқаны жүргізілмек. Осы уақыт ішінде әр адам мекенжайы бойынша емханаға тіркелуі керек. Ал 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет төлейтін санатқа кіретін азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек алатын болады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале