15.02.2021, 20:32
Оқылды: 24

БҚО-да 11 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылмақ

Бүгінгі селекторлық кеңесте Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевқа облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин ауыл шаруашылығы кооперативтері мен кооперациялары туралы баяндады.

 коп 2

Оның айтуынша, 2015 жылғы 29 қазандағы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес 205 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған.

2020 жылдың 9 айындағы статистикалық деректерге сәйкес, өңірдегі кооперативтер құрамында 4 112 мүше (13 заңды тұлға, 113 ЖК және Ш(Ф)Қ, 3 986 жеке тұрғын) бар. Кооперативтер бойынша 76 922 мал басы (34 380 ірі қара, 42 525 қой-ешкі, 17 жылқы) тіркелген. Жалпы мал басынан 3 817,0 тонна сүт, 437,0 тонна ет және 21,0 тонна жүн өндірілді. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің алтауы модульді мал сою пунктімен, төртеуі модульді сүт қабылдау пунктімен және біреуі қой қырқу пунктімен жабдықталған.

– Сонымен қатар ұсақ және орта шаруашылықтардың өндірген өнімдерін өткізуге ықпал ету мақсатында ауыл шаруашылығы кооперациясы немесе өңдеуші кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнату үшін зәкірлік кооперация негізінде етті мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде. Облыста мал шаруашылығы бағытындағы ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері өндірісі көлемін ұлғайту және өнімдерді кепілдікпен өткізу мақсатында бірнеше агроқұрылым 1550 бас етті бағыттағы бұқаны зәкірлі кооперация негізінде шаруашылықтарға селекциялық асылдандыру жұмысында пайдалану үшін жалға берді. Ірі бордақылау алаңдарынан асылдандыру жұмысына бұқа алған шаруашылықтар сәйкесінше еркек бұзауларды өздері таңдаған кешенге нарықтық бағамен кепілді түрде өткізетін болды, - деді Жасұлан Халиуллин.

Ауыл тұрғындарын өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыруға байланысты Президент тапсырмасына сәйкес басқарма басшысы аудандардың географиялық табиғи орналасу жағдайын ескере отырып, етті және сүтті мал шаруашылығын әрі өсімдік шаруашылығын дамытуға болатындығын айтты. Ол үшін кооперативтерде жеке қосалқы шаруашылықтардың қолдағы бар мал басына селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізу арқылы өнім сапасын (ет, сүт) арттырып, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайтуға болады. Жасұлан Халиуллин облыс орталығына жақын сүт белдеуінде орналасқан Бәйтерек, Теректі, Тасқала және Бөрлі аудандарында сүтті бағыттағы кооперативтерді, ал қалған аудандарда ет өндіруге бағытталған кооперативтерді дамытуды ұсынды.

колп1

– Облыстағы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілетін өнімді кепілді түрде өткізу және оны экономикалық айналымға енгізу мақсатында 2021 жылы жаңа 11 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Дегенмен жергілікті жерде жұмыс істемей отырған кооперативтер мүшелерін көбейтіп, оларды мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру қажет. Теректі ауданы әкімдігінің ұсынысына сай «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 583,4 мың теңге (200 АЕК) көлемінде грант алуға ниет білдірген тұрғындарға сүтті бағыттағы ірі қара малын алып беріп, оларды кооперативтің мүшелігіне тартқан қолайлы. Ұрғашы малды етті-сүтті бағыттағы (симментал) аталық бұқалармен қамтып, селекциялық асылдандыру жұмысын жүргізу арқылы өнімнің сапасын арттыру және өндірілген өнімді кооперативтер арқылы сүт өңдеу цехына өткізу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, зәкірлік кооперация негізінде төрт мал бордақылау алаңы арқылы асыл тұқымды 1792 бұқаны селекциялық асылдандыру жұмысына пайдалану үшін жалға беру жоспарланды, - деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев онлайн режимде селекторлық кеңеске қатысып отырған салалық басқармалар басшылары мен аудандар әкімдеріне жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басын асылдандыруды ұйымдастыру жұмысымен ден қоя шұғылдануды тапсырды.

«Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мемлекеттік қолдау күшеюде. Ең басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы саласында сапалы және тиімді өнім шығаруымыз керек. Басқарма басшысына кооперативтер жұмысын ширатуды тапсырамын. Барлық аудан бойынша асыл тұқымды мал мен сапалы өнімді нарыққа шығаратын кооперативтер саны көбеюі тиіс. Осы бағыттағы жұмыстың жүйелі жүргізілуін қадағалау үшін екі апта сайын ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының есебін тыңдап отырамын», - деді Ғали Есқалиев.

Селекторлық кеңесте облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев білім, денсаулық және әлеуметтік салалар бойынша инвестициялық жобаларды іске қосу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жайын баяндады.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев инвесторларды жаңа жобаларға тарту бюджет қаражатын үнемдеуге сеп болатындығын айтып, жауапты құрылым басшылары мен аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты мейлінше белсенді жүргізуді тапсырды.

 

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале