Бүгін БҚО әкімі Ғали Есқалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз конференциясына қатысып, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
-Президенттің тапсырмасына сәйкес, соңғы 2 жыл ішінде 1,2 млн. гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлер анықталды.
Соның ішінде 574 мың га жердің пайдаланушылары өз жер телімдерін игеруге кірісті, 149 мың гектар аумақ мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қалған жер пайдаланушылар бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен жұмыстар атқарылуда.
Бұл жұмыстар арнайы жасақталған геоақпараттық портал арқылы іске асуда. Қазіргі таңда геопортал орталық мемлекеттік органдардың базаларымен интеграциялаудан өтуде. Аталған жұмыстар аяқталған соң ауыл шаруашылық жерлерін беру процесі автоматты түрде жүзеге асатын болады.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 32,7 млрд. теңге құрады, бұл мал шаруашылығы 2,7%-ға өсуіне байланысты.
Өсімдік шаруашылығында ауа райы тәуелділігінен арылу үшін егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Шаруа қожалықтары күздік және майлы дақылдар алаңдарын ұлғайтып, жаңа технологияларды қолдануда. Мысалы, өткен жылы суарылған 5 мың га астам жердің 2,5 мың гектары заманауи жаңбырлатқыш агрегаттары арқылы суарылды. Ал 2021-2024 жылдары 28 шаруашылық заманауи жаңбырлатқыш агрегаттары арқылы суарылатын қосымша 19 мың га астам жерді қосу жоспарланып отыр.
Қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау бойынша берілген Президент тапсырмасы аясында көкөніс сақтау қоймаларының санын 57-ге дейін көбейттік.
Қосымша жалпы қуаты 20 мың тоннадан астам 8 көкөніс қоймасы салынатын болады. Оған қоса биыл көлемі 16 га құрайтын 2 жылыжай пайдалануға беретін боламыз, - деді Ғ.Есқалиев.
zhaikpress.kz