Орал қалалық сотында 1,6 млрд теңге салықтан жалтарған кәсіпкер Аманжол Көнеевке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, А.Көнеев өзі басқарған «Марасант» және «Бірлік» ЖШС эпизодтарымен аса ірі көлемде салықтан жалтару деректері бойынша ҚР ҚК 245-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды.
Кәсіпкер бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Сондай-ақ ол үш жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды.
«Рақымшылық туралы» ҚР Заңы 3-бабы 4-тармағы 1-
тармақшасы негізінде негізгі жаза бестен бір бөлігіне, яғни бір жылға қысқартылды.
БҚО прокуратурасының А.Көнеевтен мемлекет пайдасына 1 млрд 665 млн 729,798 мың теңге өндіру туралы азаматтық талап-арызы қанағаттандырылып, сондай-ақ 49 млн 971,891 мың теңге мемлекеттік баж салығы өндірілді.
Сотта анықталғанындай, 2015-2019 жылдары «Марасант» және «Бірлік» ЖШС басшысы бола жүріп, А.Көнеев жұмыстар нақты орындалмаса да, жалған шот-фактураларды пайдалану арқылы декларацияға кірістер мен шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізіп, аса ірі көлемде бюджетке салық аударудан жалтарған.
Сот-экономикалық сараптама қорытындысына сәйкес «Марасант» ЖШС-ның 2015-2017 жылдары өнім жеткізушілер «Universal Sapa» және «KZ Астана-Курылыс XXI» ЖШС-мен өзара есеп айырысу бойынша бюджетке төленуі тиіс қосымша құн салығы (ҚҚС) мен корпоративтік табыс салығы (КТС) 1,1 млрд астам теңгені құраған, соның ішінде ҚҚС – 422 млн астам теңге, КТС – 704 млн жуық теңге.
Оған қоса «Бірлік» ЖШС-ның 2017-2018 жылдары өнім жеткізушілер «Universal Sapa», «WestForce», «Аласат» және «МеталлКомплектСервис» ЖШС-мен өзара есеп айырысу бойынша бюджетке төленуі тиіс ҚҚС пен КТС 539,3 млн астам теңгені құраған, соның ішінде ҚҚС – 202,2 млн астам теңге, КТС – 337 млн астам теңге.
Сотталушыға сондай-ақ ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша да айып тағылған болатын. Сот істі қарай келе, Орал қаласында Орал-Атырау және Орал-Саратов тас жолдары арасындағы 180 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үйді тұрғызу барысында А.Көнеевтің алдау және қызмет бабын пайдалану жолымен бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқыру дерегі дәлелденбеген деп тапты. Қылмыс құрамы болмағандықтан, ол бұл эпизод бойынша ақталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.