Бұл жайлы облыс әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысында БҚО білім басқармасының басшысы айтты.
-Мектеп - мемлекеттік мекеме. Біздің мемлекет зайырлы болғандықтан, мектеп аумағында діни киімге рұқсат етілмейді. Өкініштісі сол, арамызда бұған қарсы оқушылар мен олардың ата-анасы аз емес.Тілге тиек етсек, биыл оқу жылының басында сондай 162 жағдаят анықталды. Соған орай, білім ұяларының басшыларына талап күшейтіліп, арнаулы комиссияда мәселелер қаралып, ата-аналарға ескерулер жасалды, айыппұлдар салынды. Соның нәтижесінде мектепке діни киіммен келетіндердің саны 111-ге дейін азайды. 26 оқушы өңірден тыс жерге ауысты. Бір оқушыны ата-анасы алып кетсе, 11 мектептегі 24 оқушы орамалға байланысты сабаққа қатыспай отыр. Осыған орай, дін өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардан көмек пен қолдау сұраймыз,-деді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.
-24 оқушыны мектепке қайтару қажет. Олардың еш кінәсы жоқ. Бәрі де ата-ананың теріс ықпалына байланысты. Ал ескертуді қабылдап, түсініп, ұл-қызын мектепке қайта әкелген ата-аналарға ризамыз. Жалпы мемлекеттік заң орындалуы тиіс. Сондықтан қалған балаларды қайтаруда үгіт-насихат та, заңның күші де қолданылуы тиіс,- деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.
С.ІЗБАСАРҰЛЫ
zhaikpress.kz