30.03.2018, 18:09
Оқылды: 61

«БҚО-да 25 мың адам еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүр»

IMG_2515Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық еңбек инспекциясы басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары оралдық кәсіпкерлермен кездесті. Жиында еңбек қатынастарын формализациялау, бейресми еңбек қатынастарындағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту, сонымен қатар кәсіпкерлік нысандарын мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықтап бейімдеу мәселелері талқыланды.

- Жұмысшыларды еңбек келісімшартынсыз немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім негізінде жұмысқа алу әлі күнге өзектілігін жоймаған мәселелер қатарында қалып отыр. Мемлекеттік органдар өкілдері  кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу және оларды анықтау, еңбек қатынастарының жасырын түрлерін қысқарту, азаматтардың еңбек  саласындағы өз құқықтарынан хабардар болу деңгейін арттыру бағытында халық арасында ауқымды түсіндіру жұмысын  жүргізуіміз қажет. Кейбір жұмыс берушілер міндетті төлемдер мен салықтан жалтарып, қызметкерлермен еңбек шартын жасамайды. Оның кесірі жұмыс берушіге де қызметкерге де тиіп жататын жағдайлар жиі орын алады,-деді Бибігүл Тишанқызы.

БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Азамат Айтуев ағымдағы жылдың 1 наурызында басталған «Еңбек шартын жасаңыз» республикалық акциясының мақсат-міндеттері туралы айта келе, 2017 жылы үй-үйді аралау кезінде зейнетақы жарналары мен салық төлемдерінсіз еңбек етіп жүрген 29 мыңға жуық азамат анықталғанына тоқталды. Соңғы екі жыл ішінде еңбек инспекторлары еңбек шартын жасамастан, жұмысшылардың қызметін пайдаланып отырған 30-дан астам кәсіпкердің әрекетін әшкерелеген.

IMG_2497-Бейресми еңбек қатынастары жалақының тұрақсыз мөлшері, зейнетақы қоры мен әлеуметтік медициналық қорына жарналардың аударылмауы, еңбек кітапшасына еңбек өтілінің жазылмауы, жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдердің жасалмауы, еңбекке жарамсыздық парағының берілмеуі, өндірістік жазатайым оқиғалар болған жағдайда сақтандыру төлемдерінің жүргізілмеуі сияқты қиындықтарға әкеледі. Адамдарды еңбек шартынсыз жұмысқа жіберу жұмыс берушіге де ауқымды жауапкершілік жүктейді. Ол үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес айыппұл қарастырылған,-дейді Азамат Жұмабайұлы.

Мамандар азаматтардан жұмыс берушілер еңбек шартын жасаудан бас тартқан жағдайда 1411 бірыңғай тегін нөміріне немесе облыстық еңбек инспекциясы басқармасына (Орал қаласы, Достық-Дружба даңғылы 188, тел.:50-04-86, 24-23-76, ресми сайт enbek–bko.gov.kz ) хабарласуды сұрайды.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Тимур Төлеповтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңірде 25 мың адамның еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүргені анықталған. Басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 19 мыңы Орал қаласында. Олардың дені сауда, қоғамдық тамақтану және қоғамдық қызмет көрсету орындарында еңбектенетіндер. Департамент мамандары кәсіпкерлік нысандарына барып, сауда орнын жалға берушілер туралы мәліметтің толықтығын тексеріп, жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

2018 жылдан бастап республикалық бюджеттен жұмыс берушілердің мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға кеткен шығындарын субсидиялау қарастырылғанын айтқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Ділдаш Ысқақова сауда нысандары мен қоғамдық қызмет көрсету орындарын мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықтап бейімдеу талаптарына кеңірек тоқталды.

Жиын барысында кәсіпкерлер сала мамандарынан өздерін толғандырған мәселелер бойынша кеңес алды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале