22.05.2018, 16:39
Оқылды: 25

БҚО-да 660-тан астам іс медиациялық келісіммен аяқталды

 

DSC_0306Облысымызда 188 кәсіби, 44 қоғамдық медиатор есепке алынған. Қоғамдық медиаторлардың көбі – ауыл-аймақта. Бұл жайында БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте БҚО медиаторлар одағының төрайымы Алуа Рақышева айтты.

– 2011 жылы 5 тамызда «Медиация туралы» ҚР заңы күшіне енді. Республикада медиация институты енді қалыптастып келеді. Екі жыл бұрын облыстық Ассамблея үйінде медиация кабинеті ашылды. Кабинетте қоғамдық қабылдау бөлмесі бар және сенім телефоны орнатылған. Дауласушы тарап мамандарға жолығып, кеңес алуына болады. Ұлтаралық келісім мен татулықты сақтауда медиация институтының маңызы зор.

Сәуір айында облыстық сот пен БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен облысымызда республика бойынша алғаш рет медиаторлардың қауымдастығы құрылды. Қауымдастық мақсаты – облыс бойынша сотқа дейінгі дау-жанжалдың 50 пайызын бітімгерлер арқылы шешуге қол жеткізу, медиация институтын дамыту бағытында нақты іс-шараларды жүзеге асыру. Бұдан бөлек, қоғамдық медиаторлар одағы қызметіне кірісті. Меморандум негізінде құқық қорғау және мемлекеттік құрылымдармен тығыз байланыстамыз. Облыс бойынша 100-ден астам медиация кабинеті бар. Қазіргі уақытта облыстық Ассамблея жанындағы 16 этномәдени орталықтың әрқайсына қоғамдық медаиторлар тағайындалуда, – деді Алуа Ғиылманқызы.

Оның мәліметінше, биылғы жыл басынан бері 660-тан астам іс медиациялық келісіммен аяқталды. Оның ішінде 120-ға жуығы ауыр және орташа дәрежедегі қылмысқа қатысты. Медиациялық келісімге көбіне айыпталушы тарап жүгінеді. Сонымен бірге жәбірленушінің өзі өтініш түсіретін жағдай да тіркеледі.

Брифингте БҚО әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ басшысы Медхат Қамбетов облыс жұртшылығына бітімгерлік мәнін түсіндірудің маңызы жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, қоғамдық медиаторлар тегін қызмет көрсетсе, кәсіби бітімгерлер дауласушы тараптардың келісімімен істі жүргізуге өз еңбекақысының мөлшерін тағайындауға құқылы. Кәсіби медиатор болуы үшін үміткердің жасы 25-тен жоғары және ЖОО-ны бітіргені жөнінде диплом мен үкімет тарапынан медиаторларға арналған курсты оқығандығы жөніндегі сертификатқа ие болуы тиіс.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале