22.11.2018, 15:51
Оқылды: 52

БҚО-да «7-20-25» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелерін түсіндіру бағытындағы кездесу өтті.

 photo_253845Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жүргізген жиынға Ақтөбе қаласынан келген «Баспана» ипотекалық ұйымының аймақтық директоры Гүлнәр Дабылова, банк қызметкерлері, мұғалімдер, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, өзге де қала тұрғындары қатысты. Бағдат Оразалдыұлы кездесудің басты мақсаты – Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы туралы тұрғындарға кеңірек ақпарат беру екендігіне тоқталды.

– «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру Ұлттық банкке жүктелгені белгілі. Ұлттық Банк жанынан құрылған «Баспана» акционерлік қоғамы бұл істі тікелей атқарады. Ал біз жергілікті атқарушы құрылым ретінде бағдарламаның орындалуына әрдайым көмек қолын созуға дайынбыз, – деді ол.

Жиында «Баспана» ипотекалық ұйымының аймақтық директоры Гүлнәр Дабылова мәлімдегеніндей, елімізде төртінші шілдеден бастап ресми түрде өз жұмысын бастаған аталмыш бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдаушы жеті банк болса, біздің өңірде осындай төрт банк бар. Олар «Центр Кредит» банкі, «АТФ» банкі, «Халық» банкі және ForteBank. Жеті пайыз жылдық үстеме, 20 пайыз алғашқы жарна және 25 жылға дейін ұзартылған мерзім – бағдарламаның негізгі шарты. Оған атында үйі жоқ, тұрақты табысы бар, басқа ипотекалық несиелері жоқ кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Бағдарлама бойынша еліміздің барлық аймақтарынан 55 млрд. теңге сомасына 4657 өтініш түскен. Оның ішінде банктер тарапынан 36 млрд. теңгеге несие мақұлданған. Бұл бағдарламаның жүзеге асу қарқынының айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді. Аймақтар бойынша Алматы, Астана және Маңғыстау облыстары «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар саны жағынан көш бастап келеді. Ал біздің өңір бойынша 1,2 млрд. теңге сомасына 149 өтініш қаралып, 946,3 млн. теңгеге 115 несие мақұлданған. Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы сегізінші орында келеді. Аймақтардағы тұрғын үй құрылысын жандандыру мақсатында бағдарламаға толықтыру енгізіліп, оған сәйкес «Баспана» ипотекалық ұйымы әкімдіктерге «7-20-25» бағдарламасы аясындағы үй құрылысына 150 млрд. теңге бөлу көзделген. Гүлнәр Ыбырайқызының айтуынша, «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар негізінен 25-35 жас аралығындағы, тұрақты ресми табысы бар халықтың белсенді бөлігі және оларға қатысты орташа несиелеу мерзімі 20 жылға жетіп отыр. Ерекше назар аударарлық мәселе, соңғы уақытта «7-20-25» бағдарламасы қол жетімсіз, 60-70 мың теңге айлықпен ол бағдарламаға қатыса алмаймыз деген пікірлер естіліп жүр. Елбасының өзі айтқандай, «7-20-25» бағдарламасы отбасында екі адам жұмыс істейтін, тұрақты табысы бар қазақстандықтарға арналған. Мамандардың есебінше, ипотекалық несие алу үшін отбасының айлық табысы кем дегенде 120 мың теңге болуы тиіс. Сонымен бірге мемлекетіміз әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды да баспанамен қамту жайын қарастырған. Ондай азаматтар әкімдіктерге кезекке тұрып, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жалға берілетін пәтерлерге қол жеткізе алады.

– Қазір алғашқы жарнаны төмендету үшін Елбасының тапсырмасын іске асыру бойынша «Баспана» ипотекалық ұйымы әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істей бастады. «7-20-25» сертификаттары бойынша әкімдіктер демеуқаржы бөледі және соның арқасында Елбасы тапсырмасында айтылғандай, дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер және аймаққа қажет басқа да мамандық иелеріне алғашқы жарна екі есеге азаяды. Бүгінде еліміз бойынша бірқатар әкімдіктер осы мақсатқа қаржы бөліп, сертификаттар бере бастады. Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы тек қана жаңа үйге несие беруге бағытталған. Бұдан бөлек ипотекалық нарықты жандандыру мақсатында және халықты үймен барынша көбірек қамту үшін «Баспана» ипотекалық ұйымы қолданыста болған үйлерге де жеңіл шарттармен ипотека беру мәселесін қолға алды. Ол «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, біздің жеке өніміміз болып есептеледі. Бұл бағдарлама «Баспана Хит» деп аталады. Мұнда да алғашқы жарна жиырма пайыздан басталады. Жылдық үстемесі Ұлттық банктің базалық ставкасына қосымша 1,75 пайызды құрайды. Қазіргі таңда базалық ставканың 9,25 пайыз екенін ескерсек, жылдық үстеме 11 пайыз болмақ. Ал несие мерзімі 15 жылға дейін қарастырылған, – деді «Баспана» ипотекалық ұйымының аймақтық директоры Гүлнәр Дабылова.

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев аталмыш бағдарлама аясында өңірде атқарылып жатырған істерге тоқталды.

– «7-20-25» бағдарламасы біздің өңірде де қарқынды жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыс аумағында инженерлік инфрақұрылымды жүргізу бағдарламасы бойынша 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары бар. Облысымызда құрылыс жұмыстары екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі, жеке кәсіпкерлердің инвестициясына, екіншісі, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатқа салынады. Биыл 1300 пәтер жеке инвесторлар тарапынан салынып, оның тоқсан пайызы сатылған болса, қалған 250 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілмек. Бүгінде 96 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылды. Соңғы екі айдың ішінде осы бағдарлама бойынша 150-ден астам ұсыныс келіп түсті. Бұл бағытта «Центр Кредит» банкі қарқынды жұмыс атқаруда. Орал қаласының құрылысы Ақжайық шағынауданы, солтүстік-шығыс және Зашаған кенті, яғни үш бағытта даму үстінде. Алдағы жылдарда да «7-20-25» бағдарламасы аясында қарқынды құрылыс жүргізіліп, үйлер салынбақ. Үйлерді салуға жеке инвесторлардың келуі үшін біз мемлекет тарапынан инженерлік-магистралдық инфрақұрылымды жүргізуіміз керек. Бүгінде бұл бағытта «Нұрлы жер» бағдарламасымен 3,6 млрд. теңгеге толықтай инженерлік желі тартудамыз. Келесі жылы біз инженерлік инфрақұрылым жұмысын аяқтағаннан кейін Ақжайық шағынауданында үйдің құрылысы басталады. Қазіргі таңда Солтүстік-шығыс бағытта инженерлік инфрақұрылым жұмысы тәмамдалды. Ол бағытта салынатын жаңа үйлер келесі жылы «7-20-25» бағдарламасы аясында пайдалануға берілмек, – деді Алтынбек Кеңесұлы.

Кездесу барысында атқарушы органның өкілдері мен банк қызметкерлері тұрғындар қойған сауалдарға жауап берді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале