Бүгін Оралда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жиын өтті, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бағдарламаны тікелей іске асыратын құрылыс компаниялардың басшылары мен екінші деңгейлі банктердің филиал жетекшілері қатысқан жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов: -Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында көрсетілген «7-20-25» орындалып, тұрғындар баспанамен қамтылуы қажет. Бұл – тұрғындар үшін де, құрылысшылар мен банктер үшін де тиімді бағдарлама. Мемлекет үйлердің құрылысын аяқтады, тұрғындар үшін пәтерлер дайын,- деді.
Қазірдің өзінде бұл тиімді бағдарлама арқылы өңірімізде 117 отбасы баспаналы болған. Құрылыс компания басшыларының мәліметінше, Орал қаласында тағы 315 пәтер дайын. Осы бағытта дәл қазір «Центркредит банкі» тұрғындардан өтініш қабылдау бойынша алдыңғы қатарда келеді. Облыс әкімі аталған бағдарламада басқа банктерді белсенді болуға шақырды.
Zhaikpress.kz