9.10.2024, 19:30
Оқылды: 48

«БҚО-да 71 мың баланың құқығы қорғалды» – Жанар Иманғалиева

Бүгін облыстық прокуратура органдарының тоғыз айдағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысының қорытындысы айтылды.

53420ef4-34f9-44e0-8d13-a88ee2deb909

Осы жылы прокуратура органдарымен мектепке дейінгі ұйымдарда, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тексерулер жүргізілді. Бұл туралы облыс прокурорының аға көмекшісі Жанар Иманғалиева баяндады.

«Тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыруда көптеген заң бұзушылықтар, сондай-ақ жалған дипломды қолдану мен балаларға қатыгездік көрсету фактілері анықталды. 431 білім беру ұйымында өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзу фактілері бар. Білім беру ұйымдары жүйелі түрде жол беретін заң бұзушылықтар – автоматты өрт дабылының дұрыс жұмыс істемеуі, эвакуациялау жолдарында қолданылатын «Шығу», «Эвакуациялық (резервтік) шығу» көлемді өрт қауіпсіздігі белгілерінің болмауы, өрт автоматикасының жүйелері мен қондырғыларын техникалық тексеруден өткізбеу және өзгелері болады», - деді ол.

Сонымен қатар 414 ұйымда санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталған. 52 жеке және 13 мемлекеттік балабақшаның ас блогында, сондай-ақ дайын тамақ өнімінен алынған сынамаларда ішек таяқшалары тобының бактериялары бар екені белгілі болды. 52 білім беру ұйымында камералар ақаулы жағдайда болған. Үш балабақшада балаларға жүйелі түрде қатыгездік көрсету және білім берудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактілері анықталды.

«Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында балабақша тәрбиешілерінің балаларға жүйелі түрде дөрекі қарым-қатынас жасағаны анықталды. Аталған фактілер прокуратурамен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Балабақша тәрбиешілері жұмыстан босатылды. Көрінеу жалған дипломды пайдаланғаны үшін бір тұлғаға қатысты сот үкімі шықты. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді маман.

БҚО-дағы 90 білім беру ұйымында порнографиялық және экстремистік сипаттағы сайттарға, сондай-ақ зорлық-зомбылық, құмар ойындар, есірткі және алкоголь өнімдері туралы ақпаратқа кедергісіз қол жеткізу фактілері анықталған. Қадағалау актілері бойынша мұндай сайттарға кіруге тыйым салынды, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қабылданған шаралар аясында 71 мың баланың құқығы қорғалды. 236 тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 262 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық заң бұзушылықтар бойынша білім беру ұйымдары заң бұзушылықтарды жою шараларын қабылдады.

«Сонымен қатар 2023 жылдан бастап «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында мобильді топтар пробация және әкімшілік қадағалау органдарында тұратын адамдар бар, аз қамтылған және толық емес 5 мыңнан астам астам отбасыларға барды.

Нәтижесінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін тоғыз ата-ананың сот тәртібімен құқығы шектелсе, алты ата-ана құқығынан айырылды. 1 214 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 270 отбасыға материалдық көмек көрсетілді, 72 кәмелетке толмаған азамат баспана алу үшін кезекке тұрғызылды, екуіне пәтер берілді», - дейді Жанар Өмірғалиқызы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале