Батыс Қазақстан облысында 2019-2020 жылдары 911 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің пайдаланылмай отырғаны анықталды.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде биыл 641 мың гектар жердің игерілмегені белгілі болды.
Аудандар бойынша Тасқалада 180 мың, Сырымда 170 мың, Ақжайықта 130 мың гектар жер пайдаланылмай, бос жатқан.
Бүгінге дейін жерді пайдаланушылар 116 мың гектар жерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Соның ішінде 43 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілді.
М.Өмірәлиевтің сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жер пайдаланушылар 465 мың гектарды игеруге кірісті.
Қазіргі уақытта қалған 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, жер пайдаланушылардың әрқайсысымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді және ұтымды пайдаланылуын реттеу мақсатында облыс әкімінің төрағалық етуімен кеңестер өткізіліп, соның қорытындысымен 340 мың га жері бар 177 жер пайдаланушының есімдері жария етілді. Соның ықпалымен күні бүгін 70 мың гектар игеріле басталды.
- Тағы бір маңызды мәселе – жер телімдерін табыстау ерекше жағдайларды қоспағанда, сауда-саттық (конкурс, аукцион) арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылы 43 конкурс өткізіліп, 391 мың гектарды құрайтын 527 жер телімі иесін тапты. Биыл 45 конкурс нәтижесінде 635 жер телімі (504 мың га) табысталды. Жыл соңына дейін жергілікті атқарушы органдар 43 жер телімі (43 мың га) бойынша 6 конкурсты өткізбекші, - деді Мұрат Амангелдіұлы.
inform.kz