"Жыл сайын жаңа оқу жылы басталғанда дәстүрлі түрде «Абайлаңыз, балалар!» акциясы өткізілетіні белгілі. Акцияның мақсаты - оқушылар арасында жол ережелері және жолдағы қауіпсіздік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдағы оқыс оқиғалардың алдын алу. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдаушылық туғызады. Биыл жыл басынан облыс жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 176 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 11 бала қаза тауып және 214 бала түрлі дәрежедегі жарақат алды", - деп хабарлайды БҚО ПД баспасөз қызметі.
Осыған сәйкес балалар травматизмінің алдын алу бағытында Батыс Қазақстан облысының аумағында биылғы жылдың 26 тамызы - 06 қыркүйегі аралығында «Абайлаңыз-балалар!" республикалық акциясы өткізіліп жатыр.
Аталған акциялардың бірі Ақжайық ауданы Чапай ауылында өтті. Ақжайық АПб қызметкерлері мен мектеп ішінде құрылған жас жол инспекторлары жас бүлдіршіндерге жол қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жақында ғана аудан орталығындағы көше қиылыстарына орнатылған бағдаршамға бағыну, белгіленген жерден өту бойынша түсінік берілді.
- Жол қозғалысы ережесін түсіндіруге бағытталған «Абайлаңыз, балалар!» акциясы аясында өзімізден кіші, 1-2 сынып оқушыларына жолда жүру ережелерін түсіндірдік. Балалар, жолда жүру ережесін сақтайық! - дейді Абай Құнабаев атындағы мектеп-гимназияның жас испекторы Хамидолла Жандос.
Сондай-ақ, оқушылар арасында "Жолда жүру ережелерін сақтайық" тақырыбы аясында сынып сағаттары өткізілді. Шара барысында оқушылардың жолда жүру ережелері мен жол белгілері туралы білімдері кеңейтіліп, тақырыпқа сай презентациялар мен бейнероликтер көрсетілді. Бастауыш сынып оқушылары "Жолда жүру ережелері" тақырыбында суреттер көрмесін безендірді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үлестірмелі парақшалар таратылды.
Сонымен қатар учаскелік полиция қызметкерлері пәтер иелері кооперативі (ПИК), мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төрағаларымен бірлесіп, тұрғын аудандарда, аула аумақтарында, балалар және спорт алаңдарына жақын жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтармен кездесулер өткізуде.
Осыған орай Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жүргізушілерден балалар ойнайтын аулаларда, алаңдарда, мектептердің маңында және балалар көп жиналатын басқа жерлерде өте мұқият болуды талап етеді, сондай-ақ ата-аналардан балаларды назардан тыс қалдырмауды, профилактикалық әңгімелер жүргізуді сұрайдв, өйткені, бала ата-анасынан үлгі алады.
Балаңыз жоғарғы оқу сынып оқушысы болса да, жазғы демалыстан кейін мектепке барар жолда дұрыс жүру, жолдан дұрыс өту керектігін және қайда назар аударуды есіне түсіру қажет.
Балалардың қараңғы уақыт мезгілінде мектептен қайтып келе жатқанында жолда байқау үшін жарқылдауық ленталарын тағуды ұмытпауы, сондай-ақ көлік құралын басқарған кезде қауіпсіздік белдігін тағып, балалар арнайы құрылғылармен тасымалдануы қажет.
Балалардың денсаулығы мен өміріне ересектер жауапты.
Аталған жұмыс тек қана акция өткізу кезінде емес, күнделікті жүргізіледі.
Өзіңізді және балаларыңыздың өмірін сақтаңыз!