ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл отырыста Жаңақала ауданы және Орал қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік іс материалдары, сондай-ақ басқа да қызметтік әдеп нормаларын бұзғандарға байланысты мәселелер жан-жақты сараланды.
Ең әуелі Жаңақала ауданындағы Пятимар ауылдық округінің әкімі Бауыржан Рамазановқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Бұл туралы Жаңақала ауданы әкімі аппаратының басшысы Айдар Қаресов баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, Бауыржан Сәкенұлы жиын барысында Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Руслан Ғұмаровқа дөрекі жауап қайтарып, өктем сөйлеген.
Әлқисса, 2024 жылы 16 шілдеде Руслан Ғұмаров аудан әкіміне қызметтік жазба түсірген. Бұл жазбада аудан әкімдігінде өткен жиында Рамазановтың әдепсіз қылық танытқаны айтылған. Әдеп кеңесінің отырысында Пятимар ауылдық округінің әкімі жөнсіз айып тағылғанын айтып, тәртіп бұзбағанын жеткізді. Оның үстіне сөйлеген кезде дауысының солай қатты шығатынын, жаратылысынан сондай адам екенін тілге тиек етті. Ал Айдар Қаресов оның «Пятимар тоғайын қоқыстан тазартпаймын! Керек болса, өздерің жинап алыңдар!» деген бағытта сөздер айтқанын, мұндай факті қызметтік тексеру барысында расталғанын мәлімдеді. Рамазановқа дөрекі сөйлеп, дауыс көтергені үшін, яғни, қызметтік әдеп талаптарын сақтамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза тағайындау жөнінде Жаңақала ауданының әкіміне ұсыныс жолданатын болды.
– Әдеп кодексінің 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды. Оған қоса, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» заңының (бұдан әрі – заң) 10-бабының 8-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдепті сақтауға міндетті, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов.
Орал қаласы прокуратурасының аға прокуроры Ержан Нұрбол Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Исатай Жазықбаевқа, сондай-ақ Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әкімшілік және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету секторының меңгерушісі Серік Қожабаевқа қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілгенін баяндап, лауазымды қызметке жаңа қызметкерді тағайындаған уақытта олқылықтардың орын алғанын мәлімдеді. Исатай Жазықбаевқа мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылыққа жол бергені үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану Орал қаласының әкіміне ұсынылды. Ал Серік Қожабаевтың ісәрекетінен мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтың табылмауына орай оған қатысты тәртіптік іс тоқтатылды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Самат Искалиев тәртіптік істердің тыңғылықты тексерілгенін хабарлады. Сонымен қатар жиын барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Момыш Ермеков сөз алып, қызметтік әдептің сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру бойынша жүргізілген жұмыс нәтижелерімен бөлісті.
Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллина жергілікті атқарушы құрылымдардың әдеп жөніндегі уәкілдері атқарған жұмыстарға тоқталды. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік мінез-құлық мәдениетін жақсарту, олардың жауапкершілігін арттыру және мемлекеттік құрылымдардың ресурстарын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шаралар талқыланды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысындағы филиал директоры Лаула Нарушева мемлекеттік қызметшілерді оқыту, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағытында жүзеге асқан жоба-жоспарлар жайында айтып өтті. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларға ерекше назар аударылды.
Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Самат Искалиев «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 592-бабы негізінде, яғни қызметтік көліктермен жалпы саны 127 жылдамдықты асыру дерегі тіркелгенін тілге тиек етті. Бұл құқықбұзушылықтар 2024 жылдың 9 айының ішінде орын алған. Сонымен қатар Бәйтерек ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы А. Полежаев 2024 жылдың 20 сәуірі түнгі сағат 00:00 шамасында Орал қаласындағы С. Датұлы көшесінің бойында қызметтік аутокөлікті масаң күйінде басқарған. Ол Орал қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 6 мамырдағы қаулысымен кодекстің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылған. Он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Сонымен қатар қызметтік аутокөліктерді жұмыстан тыс уақытта заңсыз пайдалану жағдайлары қаралды. Кеңестің мүшелері қызметтік әдеп қағидаларын қатаң сақтау және оны бұзушыларға тәртіптік шаралар қолдану қажеттігін атап өтті. Жиын соңында әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Сейілбекұлы әдеп нормаларын қатаң сақтау керектігін, қызметтік әдептің сақталуын жүйелі түрде қадағалау қажет екенін алға тартты.
Мәрлен Ғилымхан
zhaikpress.kz