Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Бұл отырыс ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмаларын негізге ала отырып ұйымдастырылды.

Отырыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерге қызмет көрсету, мамандандырылған орталықтардың жұмысы және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Комиссия мүшелерімен бірге жиынға құқық қорғау органдарының, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімдерінің, салалық басқармалардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, облыс әкімінің отбасы мәселелері жөніндегі кеңесшісі, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, телерадиокорпорация басшылары, кәсіпкерлер мен бизнес қауымдастығының өкілдері, мәслихат депутаттары, сондай-ақ аудан (қала) әкімдерінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аумақтық комиссияларға төрағалық ететін орынбасарлары қатысты.

«Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы нақты міндеттерді айқындап берді. Бұл бағытта Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның рөлі ерекше. Комиссия зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау мен отбасылық жанжалдардың алдын алуға бағытталған шараларды үйлестіреді. Заңнамалық базаны жетілдіруге де айрықша көңіл бөледі. Сонымен қатар, экономикалық зорлық-зомбылық мәселелерін назардан тыс қалдырмай, қоғамды да осы мәселеге белсенді араласуға үндейді. Біздің міндетіміз – Ұлттық комиссия ұсынған нақты ұсыныстарды жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, бірлесіп жүзеге асыру», – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары К.Е.Мендиғалиев.

Отырыста облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, қоғамдық даму басқармасының, денсаулық сақтау басқармасының, «IT Group Kazakhstan» қоғамдық бірлестігінің басшылары, Адам және бала құқығы бойынша өкілдер, қалалық мәслихат депутаттары, Ақжайық және Бөрлі аудандары әкімдерінің орынбасарлары, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, Батыс Қазақстан облысының іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы және басқа да мүдделі тұлғалар өз тәжірибелерімен және ұсыныстарымен бөлісті.

Талқылау қорытындысы бойынша өңірде қабылданып жатқан шараларды күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігінің
баспасөз қызметі