30.10.2023, 18:43
Оқылды: 91

БҚО-да әкім сайлауы өтетін үш аудан анықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында биыл пилоттық түрде республикалық маңызы бар қала және аудан әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын. Осыған орай БҚО облыстық мәслихатының 2023 жылдың 12 қыркүйегінде өткен кезектен тыс 6 сессиясында қабылдаған шешімімен өңірдегі әкім сайлауы өтетін үш аудан анықталды.

ftbdzedwqaihp5o-780x400Фото дереккөзі: den-der.kz

15 қазандағы мәліметке сәйкес Бөкей Ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарында 28884 сайлаушы бар. Саяси науқанға құрамында 378 мүшесі бар 1 облыстық аумақтық, 3 аудандық аумақтық, 63 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылды. ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, сайлау учаскесі шекараларын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары БАҚ беттерінде және ресми интернет ресурстарда жарияланды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сайлау учаскелері орналасқан жерлерге тиянақты талдау жасалды, қосымша жабдықтау жұмыстары уақытында жүргізілді. Аудан әкімдерінің сайлауын ақпараттық қамтамасыз етудің облыстық медиа-жоспары жасақталып бекітілді.

Учаскелік комиссиялар 5 қазаннан жұмыстарына кірісті және ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, аудан әкімдерін сайлаушылардың тізімін жергілікті атқарушы органдардан алып, тізімді сайлаушылардың танысуына ұсынды. Сондай-ақ, учаскелік комиссия мүшелері сайлаушыларға шақыру билетін беріп, оларға сайлау өтетін орын мен уақытын хабардар етуде. Комиссия мүшелері аудандардағы мүмкіндіктері шектеулі 211 адамның конституциялық құқығын жүзеге асыруына барлық жағдай жасауды қолға алды. Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне талдау жүргізіліп, олармен тығыз байланыс орнатылды, дауыс беру күні инватакси қызметі ұйымдастыру жоспарланды.

Сайлау комиссия мүшелерінің біліктілігін шыңдау да өзекті мәселе. БҚО аумақтық сайлау комиссиясы бұл іске ұдайы және үздіксіз назар аударып келеді. Облыстық әріптестер комиссияларға практикалық және әдістемелік көмек көрсетіп отыр. 371 аудандық аумақтық және учаскелік комиссия мүшелері 100 пайыз ҚР Орталық Сайлау комиссиясының қашықтан оқыту мен тестілеуінен өткізілді. Бұған қосымша аудандарда сайлау заңнамасы мәселелері бойынша АСК, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін қосымша тестілеу қолға алынды. Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерін кезең-кезеңмен (каскадты) оқыту кестеге сәйкес жүргізілуде.

Заманауи цифрлық мүмкіндіктер бұл маңызды саяси науқанда толық пайдаланылуда. Өз кезегінде аудан тұрғындарына сайлау учаскелерінде тізімде бар-жоғын, дауыс беру участогін анықтайтын сall-орталықтар құрылды. Ресми веб сервис, t.me/sailau2023bot телеграм чат бот арқылы кез келген сайлаушы ЖСН арқылы дауыс беретін сайлау учаскесінің мекен-жайы, байланыс нөмірі жайлы жан-жақты ақпарат ала алады. Сонымен қатар осы сервистердің көмегіне жүгінген аудан тұрғындары әкім лауазымына үміткерлер, олардың сайлауалды бағдарламалары туралы мәліметтермен таныса алады. Ал, кандидаттардың саны 9 адам, әр аудан бойынша 3 үміткерден тіркелді. Қазір кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының қызған шағы. Кандидаттардың үгіт материалдарын мемлекет есебінен жариялауға өз шарттары, тәртібін және төлем мөлшерін 2 телеарна, 2 радиоарна, 9 мерзімді басылым, 7 ақпарат агенттігі ұсынды. Кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін үш ауданда 50 орын, ал үгіт материалдарын орналастыруға 62 орын берілді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін әр кандидатқа жергілікті бюджеттен 400,0 мың теңге қаражат бөлінген. ҚР Орталық Сайлау Комиссиясы тарапынан түскен бейнеаудио роликтер «AQJAIYQ» және ТДК-42 телеарналарында, облыстық радио мен «РадиоOK» радио арналарында ротация тәсілімен эфирге шығып келеді. Сайлау кезеңінің үш «толқынын» қамтитын роликтер ХҚКО, «Қазпошта», мәдениет үйлері мен клубтардағы экран мен дыбыс күшейткіш құрылғылардың көмегімен таралуда.

Естеріңізге салсақ, сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале