7.12.2020, 18:45
Оқылды: 25

БҚО-да алты мейрамхана қызметін тоқтатты

Өткен қараша айында облыста коронавирус індетін жұқтырған 1053 адам есепке алынған болса, желтоқсан айының алты күнінде дертке шалдыққан 227 науқас тіркелген. Бұл деректер облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен коронавирустың алдын алу жөніндегі облыстық жедел штаб отырысында айтылды.

 Эпид 2

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, ауру адаммен тікелей қарым-қатынаста болған 72 адамнан, ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген 116 адамнан, стационарларға емдеуге жатқызу алдында эпидемиологиялық қадағалау мақсатында сынама алынған 10 адамнан және профилактикалық мақсатта тексерілген 29 адамнан ауру белгілері анықталды. Короновирус індеті табылған науқастардың қатарында егде адамдар мен жұмыс жасайтындар көп. Бүгінде 135 адам емханаға жатқызылған.

Эпид 1

- Біздің облыс «жасыл аймақта» болғанымен эпидемиологиялық ахуалды тұрақты деп айта алмаймыз. Әсіресе желтоқсан айы басталысымен дерт жұқтырғандардың қатары артты. Ауруға шалдыққандардың дені індет жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар болып тұр. Басталған айдың алты күнінде бес мыңға жуық адам шекарадан өткен. Олардың мыңға жуығы жолаушылар. COVID-19 індетіне тескеруден өтпеген 145 адам анықталды. Олар екі тәулікке карантиндік стационарға жатқызылып, барлығынан сараптама алынды. Бір жолаушыдан короновирус індеті анықталды. Елдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 8 желтоқсаннан бастап ПТР анықтамасы жоқ адамдар шекарадан өтпейтін болады. Жалпы, желтоқсан айының алты күнінде 1205 облыс тұрғынына зертханалық тексеріс жүргізілді, - деді өңірдің бас санитары.

Мониторингтік топтардың жұмысы жөнінде есеп берген облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев бүгінгі күннен бастап белгіленген талаптарды сақтамаған алты мейрамхана сот шешімімен үш ай мерзімге қызметін тоқтатқан. Олардың қатарында «Айзат», «Альбина+», «Мақпал» банкет залдары, «Гәкку», «Марсель», «Аделя» мейрамханалары бар. Жүргізілген тексеріс барысында екі мейрамхана иелеріне айыппұл салынған. Ал аудандардағы тәртіп бұзушылықтар желтоқсан айы басталғалы едәуір азайған. Сонымен қатар тұрғындардың жедел жәрдем шақыртуы қараша айында тәулігіне 600-і құраса, жаңа ай басталғалы бұл көрсеткіш 700-ге жеткен.

Эпид 3

- Бүгінгі деректерге сүйенсек, тәулігіне індетке шалдыққан 40-45 адам анықталуда. Бұл тек ресми түрде анықталғаны ғана. Жедел жәрдем көмегіне жүгінушілердің де қатары артып отыр. Еуропа елдеріндегі, көршілес Ресейдегі қиын жағдайлар баршамызға жақсы мәлім. Жаздағы жағдай қайталанбас үшін белгіленген нормаларға бағынуымыз керек. Мониторингтік топтардың жұмысы да жандандыру керек. Той-топыр өткізу толықтай тоқтады деп айта алмаймыз. Тексерістерді тоқтатпауымыз қажет. Шекара арқылы да күніне мыңнан астам адам өтеді. Олардың біразының қолында ауруға байланысты анықтамасы болмайды. Біз неге оларға ПТР сараптамасын тегін жүргізуіміз керек? Бұл бағыттағы қыруар ақшаны неге жұмсап отырмыз? Облыс тұрғындарының белгілі бір тобына ғана сараптама тегін жасалады. Ал қалғандарына ақылы қызмет көрсетіледі. Осы мәселені сараптап, құзыретті орындарға жеткізуіміз керек. Жалпы босаңсуға болмайды. Алдағы мерекелерді жақсы, өз деңгейінде қарсылауымыз үшін эпид ахуал да тұрақты болуы керек. Ал егер дерт өрши берсе тәртіпті күшейтуге мәжбүр боламыз, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале