Облыстық мәслихаттың үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев, облыстық мәслихаттың әр шақырылымындағы депутаттар, аудандық мәслихат төрағалары, басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Биыл Қазақстанда жергілікті өкілді құрылымдар – мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. 1993 жылғы «Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы құрылымдары туралы» заңының негізінде 1994 жылы 7 наурызда Қазақстанда алғаш рет жергілікті өкілді құрылымдарға сайлау өтті. Барлық жерде халықтың өкiлдi құрылымы мәслихат – депутаттар жиналыстары құрылды. Мәслихат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Мәслихаттардың негізгі өкiлеттiлігі – жергiлiктi мәселелерді шешу, Конституцияны негізге ала отырып, жергілікті халықтың еркі мен мүддесін білдіру. Осы орайда тұрғындарымыздың, яғни сайлаушылардың аманатын азаматтық парыз деп санаған халық қалаулылары қашанда ел игілігі үшін еңбек етіп келеді. Алғашқыда осыдан 30 жыл бұрын облыстық мәслихатқа 41 депутат сайланды, – деп сөзін жалғаған Нариман Төреғалиев депутаттарды жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт – мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, игі тілегін білдірді.
Содан бері мәслихат депутаттары өздері сайланған елді мекендерге, тұрғындарға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Бүгінде өңірімізде тиісті заңнамалардағы өзгерістерге сәйкес Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының бірмандаттық және партиялық тізім бойынша аралас сайлауы арқылы Мәжіліске партиялық тізіммен қатар, бірмандаттық округтен депутат сайланды. Облыстық мәслихатқа облыс сайлаушыларының басым дауысына ие болған 30 депутат сайланып, өңірімізде алғашқы рет 5 саяси партияның өкілдері депутаттық мандатқа ие болды. Аудандық және қалалық мәслихаттарға да 158 депутат сайланып, жаңа құрамда қызмет атқаруда.
Жиында «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ-ның төрағасы Төлеубек Мұқашев мемлекетіміздің қалыптасуында жергілікті өзін өзі басқару құрылымдарының, соның ішінде мәслихаттардың қосқан үлесінің зор екендігін, алдағы уақытта да жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін айта келе, халық қалаулыларын айтулы мерейтоймен құттықтады және марапаттар табыс етті. Өкілді құрылымның бастауында тұрған бірнеше азамат «Қазақстан Республикасының құрметті депутаты» атағына ие болды. Олардың қатарында облыстық мәслихаттың алғашқы төрағасы Кенжебай Нығмет, бірнеше шақырылымның депутаты болған Тұяқбай Рысбеков, Әлжан Нұрғалиев, Тұрарбек Тілемісов, Мұрат Жәкібаевтар бар. Бір топ азаматқа ведомстволық марапаттар, ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы, қос палатаның төрағаларының алғысхаттары, Қазақстан мәслихаттарының депутаттары бірлестігі төрағасының Құрмет грамотасы табыс етілді.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев әріптестерін мерейлі датамен құттықтады. Сондай-ақ осы мерейтойға орай өткізілген республикалық спорттық шараларда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар иеленген облыс мәслихаттарының құрама командаларын және осы спорттық шаралардың ұйымдастырылуына қолдау білдірген өңірлік тоғызқұмалақ және шахмат федерацияларын турнир кубоктарымен, алғысхаттармен марапаттады.
Үш жылдық бюджет бекітілді
Облыстық мәслихаттың кезекті XVI сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы және басқа да мәселелер қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Үш жылдық бюджет туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баяндады. Оның айтуынша, облыстық бюджет түсімдер мен шығыстар бойынша 2025 жылға – 484,8 млрд теңге, 2026 жылы – 406,8 млрд, 2027 жылы 428,5 млрд теңге көлемінде айқындалып отыр. Соның ішінде, облыстық бюджет түсімдері 2025 жылға 119,2 млрд теңге көлемінде өзіндік кірістерден, 326,6 млрд теңге трансферттер түсімдерінен және 39 млрд теңге басқа да түсімдерден қалыптасты. 2025 жылға арналған облыстық бюджет шығыстары әлеуметтік мәселелерді шешуге, бұрын басталған нысандардың құрылыстарын аяқтауға және жалғастыруға бағытталған. Бюджеттің негізгі бағыты – әлеуметтік саланы дамыту. Инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, әлеуметтік салаға 278,7 млрд теңге немесе жалпы бюджеттің 57,5%-ы бағытталды. Білім беруге – 229,1 млрд, денсаулық сақтауға – 13,8 млрд, әлеуметтік қамсыздандыру – 21,8 млрд, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке 14 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұған қоса, медициналық жабдықтарды сатып алуға шамамен 5,6 млрд теңге және 4 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге 2,1 млрд теңге қарастырылған. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында ҚР Ұлттық қоры қаражаты есебінен 6 білім беру нысанының құрылысын жалғастыруға 17,5 млрд теңге қарастырылған. Қорғаныс, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қауіпсіздік шығындарына 14,4 млрд теңге бағытталды. Депутаттар үш жылдық бюджетті бекітті.
Халық қалаулылары «2021-2025 жылдарға арналған БҚО аумағын дамыту бағдарламасы туралы» мәселені талқылап, өзгерістер енгізді. Сырым ауданының Шолақаңқаты ауылдық округінің Сегізүй, Жосалы ауылдық округінің Кеңащы, Былқылдақ, Бұлдырты ауылдық округінің Жарқамыс, Сарой ауылдық округінің Қызылтаң, Жаңақоныс, Жетікөл ауылдық округінің Ағоба, Қарақұдық елді мекендерін тарату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ облыстық мәслихат жанынан Қазақстан халқы ассамблеясының депутаттық тобы құрылды. Үш адамға БҚО-ның құрметті азаматы атағын беру туралы ұсыныс мақұлданды.
– Өңірдің дамуына үлес қосып, кейбір түйткілді мәселелерді күн тәртібіне шығарып, оны шешу үшін республика көлемінде талқылап, жанашырлық танытып, облыстың дамуына атсалысып отырсыздар. Сіздерге өзімнің тарапымнан және әріптестірімнің атынан рақмет айтамын, – деді Нариман Төреғалиев сессияда сөйлеген сөзінде.
Партия фракциясына есеп берді
Облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жиналысы өтті. Онда облыс әкімі Нариман Төреғалиев 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» өңірлік сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы есеп берді.
Өңір басшысының сайлауалды бағдарламасының негізінде төрт бағытты қамтыған жол картасы жасақталған. Соның аясында биылға 104 іс-шара жоспарланса, соның 50-і жүзеге асырылып, 42-сі аяқтала келген.
– «Кірістерді арттыру» бағыты бойынша 16 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, соның ішінде 9622 жұмыс орны тұрақты. 2024 жылы 24,3 млрд теңгеге 1027 жұмыс орнын құру жоспарланып, 15 инвестициялық жобаның 8-і іске қосылды. Ауыл шаруашылығы саласында 239 жұмыс орнын құратын 9 инвестициялық жоба жоспарланып, оның ішінде 7 жоба жүзеге асырылды, 31 жаңа жұмыс орны ашылды. 2024 жылдың 1 желтоқсанына 13,2 млрд теңгеге 1260 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары лизингке сатып алынды. 1637 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 8,8 млрд теңге субсидия төленді. «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 6,3 млрд теңге қарастырылды. Алайда оның тек 2,5 млрд теңгесі бөлініп, бүгінгі күнге 1,4 млрд теңгеге 169 несие берілді. Жол картасының кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 130 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға артты, – деді облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева.
Б. Қонысбаеваның баяндауынша, «Өмір сапасын арттыру» бағыты бойынша 465,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 4092 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2024 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 19,9 млрд теңге қарастырылды. Оған ұзындығы 95,5 км жолдарды жөндеу бойынша 9 жоба жүзеге асырылып, жолдардың 62,5 км асфальтбетон жабыны төселді. Жалпы ұзындығы 233 км аудандық маңызы бар аутожолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша 39 жобаны іске асыруға 13,5 млрд теңге қарастырылды. Бүгінде 180,1 км асфальтбетон жабыны төселді. Ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 11 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтаудың 11 нысанының құрылысы жүргізілуде, 3 нысан пайдалануға берілді. «Өмір сүру сапасын жақсарту» бағыты бойынша жыл басынан бері 16 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Осы жылы жол картасы аясында 4176 орындық 8 мектеп құрылысы жоспарланған, 2 мектеп пайдалануға берілді (Казталов ауданының Саралжын ауылында, Бөрлі ауданының Жарсуат ауылында). Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы, 7 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі күнге 9 медициналық нысан пайдалануға берілді, 13 нысанның күрделі жөндеуі аяқталды. Мәдениет саласында 4 нысанының құрылысы аяқталды. Спорт саласында жоспарланған 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Төртінші бағыт «Экологиялық жағдайды жақсарту» бойынша биыл 3,9 мың га аумақта 14,9 млн дана ағаш отырғызу жоспарланды. Бүгінде 2087 га аумақта ағаш егу және 1155 га аумақта толықтыру жұмыстары жүргізіліп, 8,1 млн дана ағаш екпесі отырғызылды.
– Әлеуметтік салада Орал қаласындағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған 150 орындық оңалту орталығы құрылысы аяқталуда. «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 3 мектепті ашу жоспарымызда тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай салынып жатқан көп функционалды спорт кешенінің ашуылуы күтілуде. Сонымен қатар №31 мектеп ашылды. №8 мектеп құрылысына қажетті қаражатты алдық, құрылысы басталды. Алдағы жылдың қыркүйегіне мектеп құрылысын аяқтаймыз. Көптеген шаруалар атқарылуда, соның барлығы да сіздердің қолдауларыңызбен жүзеге асырылуда, – деді Нариман Төреғалиев. Облыс басшысы шекарадағы 9 бекеттің жағдайы сын көтермейтінін, келесі жылы барлығының жөндеуден өткізілетінін айтты. Инженерлік желілерді жаңғырту да назарға алынған. Республикадан қаржы бөлінсе, тозған электр желілерін жөндеу қарастырылуда. Су, жылу құбырлары жүйесі мен коммуналдық нысандарды жөндеуге Үкімет басшыларынан қолдау табылғанын, 1 млрд теңгенің үстінде қаржы бөлінгені белгілі болды.
Гүлбаршын Әжігереева
zhaikpress.kz