БҚО-да «AMANAT» партиясы «Жыл қорытындысы – 2024» шарасын өткізіп, үздіктерді анықтады. Олар партия атынан сыйлықтар мен алғысхаттарға ие болды.
«Үздік кеңес – 2024», «Нәтижелі жұмыс», «Жаңа бастама», «Медиа белсенді», «Үздік партиялық жоба амбассадоры» секілді аталымдар бойынша партия жұмысына белсене араласқандар анықталды.
– Соңғы уақытта белсенді партия мүшелерінің нәтижелі жұмысының көрінісі – филиал жанынан құрылған кеңес отырыстары деп сеніммен айта аламыз. Биылғы жылы «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанынан құрылған 8 кеңес пен 1 комиссия мүшесінің қатысуымен 64 кеңес отырысы өтті. Әлеуметтік, білім, денсаулық, экологиялық, кәсіпкерлік, аграрлық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, қоғам мен мәдениетті дамыту тақырыптарында азаматтық белсенділіктеріңізді көрсете білгендеріңіз үшін алғысымызды білдіргіміз келеді, - деді «AMANAT» партиясының БҚОФ атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.
– Биылғы жылы әртүрлі бағытта жемісті жұмыстарымыз көп болды. Оның ішінде «AMANAT» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділік негізінде әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілерінің мониторингі шеңберінде 110-нан аса инфрақұрылым объектісін, 4 қоғамдық автокөлікті қамти отырып 25 рейд жүргізілді. Онда 93 норма бұзушылық анықталды, оларды жою бойынша тиісті органдарға ұсыныстар жіберілді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік-мәдени және спорттық шараларға тарту мақсатында өңірімізде 81 мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шара өткізілді, оған 3 000-нан астам адам қатысты. Төтенше жағдай кезінде мен «Кедергісіз келешек» жобасының амбассадоры ретінде эвакопункттерді айналып өттім және сол жерлер мүгедектігі бар адамдарға қолжетімсіз екендігін анықтадым, - деп жазды өзінің Фейсбук парақшасында «Үздік партиялық жоба амбассадоры» атанған Гүлмира Батпақұлова.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz