Аталмыш кітаптың авторы Чапаев кентінде тұратын зейнеткер, кезінде М. Әуезов атындағы орта мектепте тарих пәні мұғалімі боп қызмет атқарған өлкетанушы Алдаберген Сәрсек ағамыз.
Бұл кітап 1986 жылғы атышулы Желтоқсан оқиғасы кезінде көтеріліске қатысып, қолға түсіп, қараниеттілердің қолынан қаза тапқан қаһарман қыз, жерлесіміз Гүлзада Қалеловаға арналады. Алдаберген ағаның 26 жыл ізденісінің нәтижесінде тарихымыздағы бір ақтаңдақтың орны толып, батыр қызымыздың есімін елі білетін болды.
Кітаптың бас кейіпкері Қалелова Гүлзада Нәбиқызы 1969 жылы туған. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Ілбішін ауылының тумасы.
Ата-тегін сұрасаң, Беріш руының, Қаратоқай тайпасынан. Нәби ағамыздың аталары кезінде бай болып, кәмпескеге ұшыраған екен.
Гүлзада «1984 жылы сегізжылдық мектепті бітірген. Алматыдағы кинотехникумға оқуға түсіп, сонда оқып жүргенде желтоқсан көтерілісіне қатысып, басына соққы тиіп туыстарына «беймәлім» жағдайда 1987 жылдың ақпан айында қайтыс болған. Сүйегі туған жері Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округіне қарасты Қабыл ауылына әкеліп «Қашғар» деген қауымға жерленген. Қыршын кеткен қаһарман қыздың бейнесі 37 жыл бойы сол кезде жабысқан жаманаттан ақталмаған күйінде көзден таса қала берді!» деп күйіне жазады автор ол туралы.
Тарихшы Алдаберген аға, Қалелова Гүлзада Нәбиқызының ісіне облыстық мұрағатта аудан әкімі тапсырмасымен іссапармен барып жауапты тапсырманы орындап жүрген кезінде тап болыпты.
Облыстық КНБ архивінде 1930 жылдардағы сталиндік репрессия құрбандарын ақтау жөнінде жұмыстанып отырған ағамыз кенеттен Гүлзаданың ісі жазылған ақ папканы көзі шалып қалады. Онда Гүлзаданың Желтоқсан оқиғасынан кейін ұсталып, заң орындарына берген жауаптары жазылған екен. Алдаберген аға ел Тәуелсіздігі жолында қыршын кеткендердің қатарында біздің ауданнан да адам бар екенін білген соң бұл мәліметтерді дәптеріне көшіріп жазып алады. Алайда есік аузындағы күзетші: «болмайды» деп артық мәліметті жыртып, бәрін алып қалған.
«Гүлзадаға жабылған жала қазанның қара күйесі секілді қалың. Өмірі жусаң да кетпейтін жұмыс киімінің кірі секілді ме?! Гүлзаданың басына бүкіл жаманаттың бәрі жабысқан. Оны «маскүнем, арақ ішкен, аяғын шалыс басқан деген т.б.» жаманаттар қайғысы кезінде Гүлзаданың әкесі Нәби ағамыз бен анасы Қалампыр апамыздың жүрегін жаралап, жазылмас дертке шалдықтырып, әкесін ана дүниеге аттандырған. Өзіміз дұрыс танымасақ та, ол кісілердің аруағы риза болар, егер жұмысымыз нәтиже беріп, Гүлзаданың есімі қара күйеден тазарып шықса деп армандадық» деп жазады Алдаберген аға кітабында.
Аутор елге келген соң Гүлзаданың ата-анасын, туыстарын іздестіріп, бәрімен арнайы әңгімелеседі. Гүлзаданың құрбы-достарын, оқытушы ұстаздарын іздеп тауып, сұхбатын жазып алған. Гүлзаданың мектепте үлгілі оқушы болғанын, сабақты жақсы оқығанын анықтайды. Ол Алматыдағы училищеде топ старостасы болған екен. Алаңға өз тобын бастап барып, бейбіт митингке қатысқан. Халықты жаппай ұрып-соғу басталғанда басынан ауыр соққы алыпты. Оның көтеріліске қатысқаны белгілі болып қуғын-сүргінге ұшыраған. Содан екі айдай дұшпаннан бой тасалап жүріп, ақыры Алматының шетінде медпунктте басынан алған жарақатын емдеткелі кірген жерінде аңдыған дұшпанның қолына түседі.
Гүлзаданың батырлығы мен қайсарлығы сол, осы уақыт ішінде үйіне, туыс-достарына хат жазғанда ештеңе сездірмеген. Өз жағдайының жақсы екенін, үйдегілерді қатты сағынғанын жазған. Бұл уақытта оның үйіне бейтаныс адамдар келіп Гүлзада жайында сұрастырып, Гүлзаданың бүкіл құжаттарын жинап алып: «Ешкімге, ештеңе айтып, сөз көбейтіп жүрмеңдер, өздеріңе жаман болады» деп қорқытып кеткен еді.
Ата-ананың қолына желтоқсан айының соңына таман Алматы кинотехникумындағы Гүлзаданың кураторынан хат келеді. Ол хатта Гүлзаданың көшедегі бұзақыларға қосылғаны, бұзақылық жасағаны айтылған. Осыны естіген әкесі қатты уайымдап қызына: «Тез қайт ауылға!» деп хат жазды. Бірақ ол хатқа жауап болмады.
1987 жылдың ақпан айының ішінде ауылға бірінен соң бірі екі жеделхат келген. Екеуі де Алматыдан. Бірінші хатта: «Қызыңыз ауырып қалды, келіңдер» деп жазылса, екіншісінде: «Қызыңыз қайтыс болды», деп жазылған. Ұзақ іздестіруден кейін қолға түскен өжет қыз Гүлзада тергеу камерасында айуандықпен соққыға жығылған, кейін ауруханада көз жұмған.
Әкесі арнайы шақыртумен барып қызының мәйітін мырыш табытқа салып Алматыдан алып келеді. Онымен ілесе келген қара киімді төрт адам табытты ашпауды талап еткен. Алайда анасы қоярда-қоймай табытты ашып қызын көреді. Басы дәкемен таңулы қызының шүйдесі ауыр соққыдан езіліп кеткенін сонда байқайды.
Табытты ашып Гүлзаданың қандай халде қаза тапқанын көзімен көрген немере ағасы Аян сол кезде жиырманың үстіндегі жігіт екен. Жерлеу күні оны арт жақта тұрған бейтаныс ақсұр волга ішінен шыққан ұзын бойлы жігіт ымдап шақырып алады. Қасына барған кезде машинаға отырғызып алып айдалаға апарып сұрақтың астына алады.
« – Алматыда болдың ба?
– Жоқ. Осы ауылдан ешқайда шыққан жоқпын.
– Сендер тұқымдарыңмен халық жауысыңдар. Оңбаған бері кел!
Осыны айтқан жаңағы жігіт қолын қайырып, қысып сындыра жаздады. Қол жұмсағаны аздай қоқан-лоқы көрсетіп болған соң айдалаға лақтырып кеткен. Ызадан жарылардай болып үйге азар жеткен» деп баяндалады кітапта.
Кейін бұл үйге қайта-қайта келіп жүрген арнайы бөлімнің қара киімді адамдары: «табытты неге ашасыңдар?» деп қыз әкесін далаға алып шығып соққыға жыққан. «Сендер халық жауының тұқымысыңдар! Сендерді аямау керек!» деп қоқан-лоққы жасаған.
Жазықсыз жабылған жала мен қызының қайғысын көтере алмай әкесі Нәби аға 1994 жылы қайтыс болады. Анасы Қалампыр апамыз Оралдағы кенже ұлы Мерекенің қолында бар-жоғы 2480 теңге зейнетақыға қысылып-қымтырылып өмір сүріп, 2003 жылы аутобоста кетіп бара жатып, аяқ астынан жүрегі тоқтап қалып дүние салған.
Гүлзаданың бауыры Мерекені арнайы қызмет адамдары үнемі тергеуге алып, қысым көрсете берген соң ол отбасымен 2008 жылы Көкшетау жағына көшіп кетуге мәжбүр болады. Міне, осылайша тағдыр тәлкегіне түсіп, бейбіт күнде қудаланған бір әулеттің өшкені жанып, өлгені тірілгендей күн туды.
Гүлзада туралы құзырлы құрылымдарына қаншама сұрау салып, хат жазып, жергілікті басылымдар бетіне мақалалар жариялап, теледидарға сұхбат беріп жүрген тарихшы Алдаберген ағамыздың еңбегі жанды. Орал мен Алматыдағы желтоқсаншылар ұйымы көмек қолын созып, Желтоқсан оқиғасына Гүлзаданың қатысқанын және алған жарақатынан қаза тапқанын тиісті құжаттар арқылы дәлелдеп шықты.
Гүлзада ақталды! Оның құйрықты жұлдыздай жарқ еткен қысқа ғұмыры баяндалған кітап жарық көрді.
Туған халқына батыр перзенті боп қайта оралған күнің, ұрпақ жадында жаңғырар қаһарман бейнең құтты болсын, Ақжайықтың аяулы қызы!
Жәнібек Әбілпейісов
қосымша білім беру педагогы,
Ақжайық ауданы