Бүгін Орал қаласы іргесіндегі Круглоозерный және Серебряков ауылдарының аумағында Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті басшылығының қатысуымен «Арқан» радар қондырғысы іске қосылды. Бұл шаралар облыс әкімі Ғ. Есқалиевтің тапсырмасы бойынша ақпан айында әзірленген облыс орталығындағы жол-көлік қауіпсіздік деңгейін жақсарту жөніндегі жоспар аясында іске асырылып жатқанын атап өткен жөн.
- Қазіргі уақытта облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасымен жол патрульдік полициясы бөліністерінің арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау және автокөлік иелерінің жылдамдықты арттырмауын қадағалау, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау, болдырмау бағытында біздің облыс бойынша «Арқан» атты 6 дана аппарат сатып алынып, «Лада-Ларгус» көліктеріне орнатылды.
Құрылғы арқылы автокөліктердің жылдамдығы бақылауға алынады. Жолдағы ереже бұзушыларды анықталады. Мұндай автоматтандырылған радарлар жол үстінде жылдамдықты шамадан асырған көліктің нөмірі, көлік және жүргізуші, т.б. мәліметтер ортақ базаға жазылынып алынады. Бұрын қолға түскен жол ережесін бұзушы жүргізушілер айыбын мойындамауға тырысатын еді. Тіпті, тәртіп сақшысына да бағынбай, дау туғызатын. Енді жаңа қондырғының көмегімен тәртіп орнайтын болды. Барлық мәліметтер автоматтандырылған ортақ базада жүзеге асады. Сол себепті ешқандай сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді.
Бүгінде жол-көлік оқиғаларының кесірінен адам өлімі көбейіп отырғандығы жасырын емес. Жылдың басынан бастап былтырғыдан гөрі жол оқиғалары көбірек болса да, адам өлімі азайды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz