30.07.2024, 11:00
Оқылды: 162

БҚО-да әртүрлі салада заңсыз әрекеттер әшкереленді

Шілде айында құқық қорғау саласындағы қадағалау құрылымдары облыста заң бұзу деректерін жариялады. БҚО прокуратурасы мен ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынған ақпараттарды оқырмандарға ұсынып отырмыз.

Қала ЖП

Облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы ластаушы заттардың рұқсатсыз шығарындыларын анықтап, кейіннен Экология басқармасына тексеру жүргізу туралы талап жолдады.

Тексеру барысында кәсіпорынның («Айдана» ЖШС) 2021 жылғы 5 және 10 маусым аралығында ластаушы заттардың шығарындыларын рұқсатсыз жүзеге асырғаны анықталды. Ал кәсіпорын 2021 жылдың 11 маусымында ғана эмиссияға рұқсат алған. Сол себепті кәсіпорынға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлігі бойынша 2 млн 351 мың 522 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды, ол толығымен төленді.

Топырақты заңсыз тасымалдаған Жоспардан тыс тексеру барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Батыс Қазақстан облысының аумақтық бөлімшесі Теректі және Ақсуат ауылдық округтерінде топырақтың құнарлы қабатын заңсыз алуға қатысты бұзушылықты анықтады. Топырақты заңсыз тасымалдаған кәсіпорынға 22 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, мемлекет кірісіне өндірілді.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. Талдау барысында екі жер қойнауын пайдаланушы кең таралған пайдалы қазбаларды рұқсатсыз өндірген. Олар жер учаскелерін рәсімдемеген. Осыған байланысты табиғат қорғау прокуратурасы облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыныс енгізді. Заң бұзған компания иелері

ӘҚБтК-нің 136-бабы бойынша (жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар 369 200 теңге айыппұл төледі.

Облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы Бөрлі ауданы екі ауылдың жер телімін кәдеге жарату бойынша заңсыздықты анықтады. Яғни Березовка мен Бестау елді мекендерінің тұрғындары көшірілгені белгілі. Осы ауылдарға тиесілі жерді кәдеге жарату және рекультивациялау жөніндегі жұмыс жобаларын жүргізу үшін Бөрлі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындылары заңсыз берілген.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында құрылыс қалдықтарын көмуге, 2023 жылға арналған лимиттерден жалпы көлемі 38 есе асатын қалдықтардың орналасуына рұқсат еткен.

Қадағалау актісі бойынша жоғарыда аталған екі қорытындының күші жойылды.

Ақсай қаласындағы полигонында нормативтен тыс қалдықтарды тасуға тыйым салынды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 1 лауазымды адамы тәртіптік жазаға тартылды.

Қаратөбе ауданы прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде ауылдық елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ететін 132 шақырым газ тасымалдау желілерінің иесіз екені анықталды.

Иесіз мүлікті күтіп-ұстау шараларының жүргізілмеуі газдың үздіксіз жеткізілуіне кедергі болып қана қоймай, жергілікті тұрғындар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы құрылымдар прокурорлардың ықпалымен газ құбырын сот арқылы мемлекет меншігіне алды.

Бұл процедура алдағы уақытта газ құбырлары мен басқа да газ тарату желілерінде апаттың болмауына, пайдалану ережелерінің сақталуына себеп болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  қызмет тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алым мен квазимемлекеттік сектордың сатып алымына мониторингті жүзеге асырады.

БҚО-да «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты өрт сөндіру (95 млн) және жүкжолаушылар  аутомашиналарын (әрқайсысы 26 млн) 174 млн теңгеге сатып алуды көздеді. Олардың нақты құны – 40%-ға төмен (тиісінше 69 млн және 18 млн теңге). Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ықпалымен аутокөліктердің бағасы қайта қаралды. Осының нәтижесінде 50 млн теңге үнемделді.

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале