БҚО-дағы қаржы мониториңі агенттігінің департаменті жұмысты нақты орындамай, қызмет көрсетпей және әр түрлі кәсіпорынға тауар жөнелтпей, жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан адамдар тобының қызметі әшкереленіп, тоқтатылды.

БҚО-дағы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің хабарлауынша, бұрын сотталған Орал қаласының тұрғыны 2022–2025 жылдары жалған шот-фактура жазу бойынша іс-әрекетін жалғастырып, өзінің бақылауындағы адамдарды, соның ішінде адамгершілікке жат өмір салтын ұстанатын тұлғаларды қылмыстық әрекетке тартып отырған.
Олармен барлығы 17 кәсіпорын тіркеліп, ал жазылған шот-фактуралары бойынша ақша айналымы 2,0 млрд теңгеден асқан.
Аталған кәсіпорындар құрылыс, арнайы техниканы жалға беру және тауар-материалдық құндылықтарды жеткізу саласында жалған қызмет көрсетумен айналысқан.
Сонымен қатар бұл кәсіпорындардың қажетті қызметкерлері, негізгі құралдары мен арнайы техникасы болмаған. Қызмет еткен кезеңде небәрі 2,3 миллион теңге салық төленген.
Осылайша ұйымдастырушы көрсеткен қызметі үшін заңсыз сыйақы ретінде айналымдағы ақшалай қаражаттың 7%-ын алып отырған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қылмыстың ұйымдастырушысы үй қамаққа алынған.