Заң және тәртіп
30 қарашада түнгі екіден кете төрт бала БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ішінде орналасқан әскери казармадан қашып шыққан.
Суреттер: zhaikpress.kz
Казарманың үшінші қабатынан секіріп, қашпақшы болған төрт жігіттің бірі жерге құлап ауыр жарақат алған. Ол қазір облыстық ауруханада ем алып жатыр.
– Жігіттің қазіргі жағдайы нашар. Оның омыртқасы жараланған. Казармадан қашқан жігіттер үшінші қабаттан бірнеше одеялды байлап төменге түскен. Олар терезені, терзеге қойылған торды бәрін сындырған, - деп атап өтті БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Альберт Бекмұханов.
Казармадан қашып, ауыр дене жарақатын алған С. есімді азамат – 18 жасар жігіт. Оған әскерге шақыру туралы хабар бірнеше мәрте жіберілді дейді. «Енді казармадан қашқаны үшін қылмыстық жауапкершілік пен қоса материалдық залал келтіргені үшін жауапкершілікке тартылады», - деді Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығынын орынбасары Альберт Бекмұханов.
Әскери казармадан қашқан төрт жігітке қатысты әскери қызметтен жалтару бабы бойынша қылмыстық іс қозғалатын болады деді маман.
Казармадан қашып кеткен төрт жігіттің үшеуі кеше өз еріктерімен кері оралыпты. Олардан түсініктеме алынып жатыр. Ал төртінші жігіт аурханада жатыр.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ішінде күзет қызметі бар, айнала толған камера. Төрт жігіттің терезені сындырып қашып жатқанын күзет қызметіндегілер неге көрмеген, неге тоқтатпаған деген заңды сұрақ туындайды?
– Казармадан қашқан жігіттерді жауапкершілікке тартамыз. Әскери полиция мен әскери прокуратура тергеуді бастады. Әскери қызметтен жалтару бабы бойынша іс қозғалды. Казарманың ішінде екі камера бар. Дәлізде де камера бар. Күзет қызметі бар. Олардың бәрінде рация бар. Енді сол күні түнде неге дереу шара қолданбағаны туралы тек тергеу анықтайтын болады. Біз өз кінәмізді жоққа шығармаймыз. Бірақ түнде не болғанын білмейміз, - деді БҚО Қорғаныс жөніндегі департаменті бастығының орынбасары.
Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы ауруханада жатқан жігітің хал-жайын дәрігерлерден сұрап біліп отырмыз дейді. Сондай-ақ департамент өкілдері әскерге барудан бас тарту, қашу қылмыстық жауапкершілік екенін ескертті.
Жалпы биыл жоспар бойынша облыстан 500-ге тарта жігіт әскерге баруы тиіс.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz