Бүгін облыстық полиция департаментінде карантин уақытында халық игілігіне қызмет етіп, қайсарлық пен мейірімділіктің нағыз үлгісін көрсеткен бір топ полиция және шекара қызметкерлеріне «Халық алғысы» медалі табысталды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қатысып, еңбегі еленген әскерилерге марапатты өз қолымен табыс етті.
- Қиын кезде уақытпен санаспай, елеулі қызмет еткендеріңіз үшін облыс басшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Індет жаңадан таралған уақыттан бастап сіздер алдыңғы шепте қызмет атқардыңыздар. Бастапқы кездегі мемлекеттік шекара мен блок бекеттердегі қиын жағдайлар әлі есімізде. Сіздердің бұл еңбектеріңізді біз жоғары бағалаймыз.
Бүгін өздеріңізге табыс етілетін медальдің аты айтып тұрғандай, сіздер халықтың алғысына лайықты тұлғасыздар. Бұндай жетістікке жету кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бүгіннің өзінде аталған індеттен толықтай құтылдық деп айта алмаймыз. Сондықтан алдымызда әлі де бірлесіп атқаратын үлкен жұмыстар тұр. Осы міндетті сіздермен бірлесіп, мінсіз, өз дәрежесінде орындап шығамыз деп сенемін, - деді М.Манкеев.
Аталған медаль Ел Президентінің 2020 жылғы 8 маусымдағы №348 Жарлығына сәйкес өңірдегі 25 полицейге, полиция департаментінің емханасы бар госпиталінде еңбек ететін екі қызметкерге, сондай-ақ 4 шекара әскерилеріне табыс етілді. Мерейі үстем болып, марапатқа ие болғандар қатарында Бәйтерек ауданы полиция бөлімінің инспекторы Жасұлан Жұқасаев, қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Берік Қайырғалиев, ПД емханасы бар госпиталінің аға медбикесі Бибігүл Хайрсапиевна, «Сырым» бақылау бөлімшесінің бақылаушысы Бейбіт Қарабаев сынды әскерилер бар.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz